Қызылорда облысында Жеңіс күніне арналған аламан өтті

Әйтеке би кентіндегі Жеңіс саябағында театрландырылған спектакль қойылып, отан үшін отқа түскен батыр буынның көзсіз ерлігі мен тылдағы еңбеккерлердің тынымсыз тірлігі әсерлі сахналанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы сұм соғысқа Қазалы топырағынан аттанған 10 мыңнан астам жауынгердің жартысына жуығы отанға оралмады. Қазір туған жер топырағы бұйырған майдангерлердің екеуі ғана Жеңіс тойын тойлап отыр. Соның бірі Тілеуберген Тобабергенов. Танк тізгіндеген темір жігіт Польша, Чехословакия, Румынияны басқыншылардан азат етіп, Берлинге барып бір-ақ тоқтаған. 1942 жылы әскер қатарына алынып, зениттік артиллерия және пулеметшілер құрамында майданның алғы шебінен бір-ақ шыққан Қабақ Смағұлұлы болса Тула, Орел қалаларын азат етуге қатысқан. Қару-жарағы түгел жауға жалаң қолмен қарсы шыққанын тебіреніспен еске алатын қарт майдангер бүгінгі ұрпақты бейбітшілікті бағалауға шақырды.

Қабақ Смағұлұлы, соғыс ардагері:

Қазақта мақал бар ғой «бірлік болмай, тірлік болмайды» деген. Ауызбіршілік деген ол үлкен саясат. Ендігі жерде ылғи осындай жақсылық болсын. Еліміз тыныш, халқымыз бейбітшілікте болсын. 2-ші дүниежүзілік соғыстай сұрапыл болмасын.

Жеңіс күніне арналған аламанға ауыздығымен алысып, құйрық-жалы шарт түйілген 100 шақты жүрік жылқы қатысып отыр. Қазақ даласын тұяғымен дүбірлеткен кешегі Тайбурыл, Құлагер, Байшұбардың бүгінгі ұрпақтары облыс аумағынан бөлек көршілес бірнеше өңірлерден де келген. Ат бәйгесі 4 кезеңнен тұрады. Алдымен қамыс құлақ, уыс кекілді тайлар атшабардың 5 шақырымдық жарыс алаңына шықты. Одан соң 10 шақырымдық айналымда құлашын кеңге жайған құнандар көрерменнің делебесін қоздырды.

Соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан 1 млн теңгеден астам қаржы берілген болатын. Сол көлемдегі сыйақы бәйгенің бас жүлде иегерлеріне де табысталады.