Ортақ елі дүбірлетіп той өткізді

Ортақ ауылынан түлеп ұшқан соғыс ардагерлері ұрпақтарының бәрі бүгін елді мекенге жиналды. Ал, мына ескерткіш тақтада олардың батыр бабаларының есімдері жазылған. Жалпы аталған ауылдан екінші дүниежүзілік соғысқа 138 адам аттанса, олардың 80-нен астамы қан майданда қаза тапқан екен. Мұндағы әр әулеттен кемінде бірнеше жас жігіт сол кезде әскер қатарына алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шұға Қабдөшқызы, Ортақ ауылының тумасы:

Мына жерде менің Шәріпұлы Қабдыхалық 1943 жылы соғысқа кеткен. Белорусь елінде, Вельнюс қаласы Учоса деген жерде 2 айдан оққа ұшқан. Ал, мына жерде Қабдөш Шәріпұлы, ол кісі менің атам. Соғыстан 1945 жылы келген. Мынау менің қызымның кеудесіндегі медальдар сол кісінің еңбегі. Алып келген осы жерге мақсатым – ол кісілердің аты өшпесін, еңбегі өшпесін, ұмытылмасын деп.

Оралбай Жапаров, Ортақ ауылының тұрғыны:

Әкем менің Жапаров Сансызбай, онан кейін 4 ағасы соғыста қалды. Одан әкем бертін келіп, осы совхозды көтерді. Елімізден көп жігіттер кетіп, келе алмай қалғандар көп болды. Шешем трудта істеген. Енді ол әулеттен мен ғана қалдым жалғыз.

Ауылдықтар елді мекендегі мешіттің күрделі жөндеуден кейін қайта ашылуын да осы күнге арнайы орайластырған. Ондағы мақсат – ел болып, соғыста шейіт болған ата-бабаларына Құран бағыштап, еске алу.

Ал, ауыл жанында өткен ауқымды мерекелік іс-шараға жергілікті халық пен алыс-жақыннан келген қонақтарды қосқанда 3 мыңға жуық адам жиналды. Елді мекен тұрғындарының сөзінше мұндай үлкен той осы маңда соңғы 30 жылда болған емес. Ал, бұл, ауылдықтардың береке-бірлігін одан әрі арттыра түспек.

Манарбек Назымбекұлы, Ортақ ауылының тумасы:

Басты мақсатымыз – елді біріктіру, елге қызмет ету, еліміз өсіп-өркендеп, жоғалып кетпеу. Соғыстан қайтпаған әруақтарымызды еске алу. Мына жастарға үлгі болсын деп. Енді өлі разы болмай, тірі байымайды, - дейді».

Қабдылманап Темірғалиұлы, Ортақ ауылының тұрғыны:

Осы жастардың ұйымдастыруының арқасында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Яғни, көшені көгалдандыру, көптен бері жиналған қоқыстарды төгу деген сияқты. Ауылдың жолы жөнделді, үлкен жөндеуден өтті. Мынау жаңағы айтқан ескерткіштің маңайына көшеттер отырғызылып, мектептің маңайына көптеген көшеттер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

 

Ал, шараны тамашалауға келген көпшіліктің назарына мерекелік концерт, түрлі ұлттық ойындар, қазақ күресі мен бәйге де ұсынылды. Ақшаңқай киіз үйлерде ас беріліп, ән мен жырдан шашу шашылды. Ал, осының бәрін ауыл жастары ұйымдастырған.

Бақыт Садырбайұлы, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Қазақта сөз бар ғой, «балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?» деп. Мінекей, осы елдің сондай жақсы азаматтарының ұйымдастыруының арқасында халық осы тойды тойлап, тамашалап көріп жатыр.

Жексенбай Мұқан, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Мынау Ортақтың еліне, Көкше халқына, Ақмола облысының халқына шын жүректен рахмет айтамын. Осындай той әр ауылда болып, қызық-қуанышта болса, бәріміз де қуанамыз. Біздің ұрпақтарымызға үлкен үлгі-өнеге. Не деген жақсы.

Жеңіс мерекесін айтулы деңгейде атап өткен небәрі 80 ғана түтіні бар шағын ауылдың тумалары енді ардагер ата-бабалары жайлы деректі фильмді де жарыққа шығармақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко