Қызылорда облысында ардагерлер ұлықталды

Қызылорда облысында соғыстың 7 ардагері қалды. Екеуі Қазалы ауданында тұрады. Жеңістің 77 жылдығына орай облыс орталығы мен аудандардағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылып, ардагерлердің ерлігі кеңінен насихатталды. Қазалы ауданында әскери-патриоттық сайыстар мен ақындар айтысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сұм соғысқа – Қазалы топырағынан аттанған 10 мыңнан астам жауынгердің жартысына жуығы отанға оралмады. Қазір майдангерлердің екеуі ғана Жеңіс тойын тойлады. Соның бірі Тілеуберген Тобабергенов. Танк тізгіндеген жігіт Польша, Чехословакия, Румынияны басқыншылардан азат етіп, Берлинге барып бір-ақ тоқтаған. 1942 жылы әскер қатарына алынып, зениттік артиллерия және пулеметшілер құрамында болған Қабақ Смағұлұлы болса Тула, Орел қалаларын азат етуге қатысқан.

Қабақ Смағұлұлы, соғыс ардагері:

Қазақта мақал бар ғой. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген. Ауызбіршілік деген ол үлкен саясат. Ендігі жерде ылғи осындай жақсылық болсын. Еліміз тыныш, халқымыз бейбітшілікте болсын. Екінші дүниежүзілік соғыстай сұрапыл болмасын.