Жезқазғандық соңғы соғыс ардагері көз жұмды

Жезқазғанда Жеңіс күні қаладағы соңғы соғыс ардагері Иван Артеменко көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Жезқазған қаласында қалған жалғыз соғыс ардагері Иван Артеменко көз жұмды.

Иван Кузьмич Артеменко 1926 жылғы 20 мамырда Алматы облысы Сарқанд ауданы Покатиловка селосында дүниеге келген. Соғысқа дейін Талдықорған облысы Антоновка селосында жұмыс істеген. Майданға 1943 жылы аттанған.

Ленинград майданында және Прибалтикада шекара әскері құрамында аға сержант шенінде бөлімше командирі болып соғысқа қатысқан. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941—1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Соғыс ардагері 1953 жылы елге оралған. Жезқазған қаласында 1975 жылдан бері тұрады. Жезқазған байыту фабрикасында жұмыс істеген. Ардагердың төрт баласы, үш немересі және бір шөбересі бар.

Жеңістің 77 жылдыңына орай ардагерге Жезқазған қаласы әкімдігінен 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Сондай-ақ майдангерге «Қазақмыс» корпорациясынан да дәл осындай сомада қаражат бөлінген.