Балқаш қаласының тұрғындары күл-қоқыстан көз ашпай отыр

Соңғы бір айдың ішінде көл жағасынан 170 текше метр тұрмыстық қалдық шығарылған.

Туристер ағылатын жаз айында жағдай тіптен ушыға түседі, дейді экобелсенділер. Бұған тоқтау қою үшін қандай шаралар қолға алынды?

Экобелсенді Анар Адамбекованың көл жағасын ластайтындармен күресіп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Волонтерлармен бірге сенбілік ұйымдастырып, жағажайды қанша тазалағанмен нәтиже болмай тұр. Демалушылар тұрмыстық қалдықтарды шашып кетеді. Бұған тоқтау қою үшін қолданыстағы заңды күшейту керек, дейді ол.  

Анар Адамбекова, экобелсенді:

- Заңды күшейту керек. Оған айыппұл міндетті түрде салу керек. Отдел полицияның көмегімен ғана осыған келеміз, тазалыққа. Ал былай жоқ, өз қолымнан ештеңе келмейді. Қаншалықты біз сенбіліктерді өткізсек те қаншама инстаграм парақшамда жазамын артынан жинаңыздар деп, басқа дөрекі сөздерді жазамын, кішкене адамдар ұялу үшін. Жоқ, ол көмектеспейді. 

Экобелсенділер тек соңғы бір айдың ішінде жағажайдан 170 текше метр тұрмыстық қалдық шығарған. Сонымен қатар рұқсатсыз төгілген бірнеше күл-қоқыс үйіндісін анықтапты. Ол жел тұрғанда қалаға қарай ұшады екен. Құзырлы органдар тексере келе әлеуметтік насандардан шығатын күл-қоқыстың полигонға жетпейтінін байқап отыр.

Ескендір Қабидолла, ТКШ, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қаладағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелері жыл басында күл-қоқыс шығаратын компаниялармен келісім-шартқа отырады. Бірақ сол нысандардан күнделікті шығатын күл-қоқыс полигонға жетпейді екен. Демек, далаға, қала маңына төгеді. Енді біз оларға әр рейсті тіркеп отыруды міндеттейміз. Сонда ғана бір нәтижеге жетеміз.

Өкінішке орай, қоршаған ортаны ластайтындар қазір тек ескертумен құтылып кетіп жүр. Егер айыппұл төлесе екінші рет мұндай әрекетке бармас еді, дейді табиғат жанашырлары. Оның үстіне биыл жергілікті билік өкілдері көл жағалауына 50-ге жуық бейнекамера орнатуды жоспарлап отыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев