476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Көкшетауда қазақ тілін жаңа әдіспен үйретеді

  • 196
  • UPD: 12:02, 10.05.2022

Көкшетауда кез келген адам инновациялық әдіспен қазақ тілін үйрене алады. Оның ерекшелігі сол, отырғызып оқытпайды, клубта бас қосқандар бейресми түрде бір-бірімен тілдесіп, өздігінен меңгереді. Мамандардың айтуынша, өңірде мемлекеттік тілге деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Сондықтан оқу сабақтарын кеңейте түсу көзделіп отыр.

Тіл үйрену клубына келушілердің жас шамасы әртүрлі. Жас та, жасамыс та  бар. Олардың барлығын қазақ тілінде сөйлесем деген мақсат біріктіріп отыр. 

Ләззат Досымбекова,  тіл үйренуші:

- Шетел тілдерін үйрететін курстар өте көп, Ал енді қазақ тілін оқытып, үйрететін ұстаздар некен саяқ. Біз бұл жерде бірі-бірімізбен сөйлесіп тіл жаттықтырамыз. Еркін әңгімелесу арқылы ауызекі тілді меңгеру біршама жеңіл.

Мұнда топтық және жеке-дара оқыту жүйесі жұмыс істейді. Негізінен аудио тыңдалым көмегімен сөз құрап, сөйлеуді дамытуға аса мән беріледі. Клубқа келушілер өзара қарым-қатынас арқылы  тіл сындырады.

Мәдина Көкенова, клуб тәлімгері:

- Бір ерекшелігі ол тілді грамматикасыз тек ғана қарым-қатынас арқылы үйрену. Әртүрлі бейнебаяндар көрсету арқылы, әртүрлі жағдай, тапсырмалар, диалог құрастыру арқылы бұл тілді үйренеді тыңдаушылар. Және де ең басты ол әрине тыңдаушылардың ниеті, ынтасы  деп ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, мұндай клубтар мемлекеттік тілді тез меңгеріп алуға мүмкіндік береді. Жаңа оқыту тәсілінің енгізілгеніне көп болмаса да, жетістіктері баршылық. Бүгінде облыстың бес ауданында осындай 7 тіл үйрену клубы ашылған.

Қаратай Түлекеев, облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры:

- Енді 20 оқыту орталығы бар. Олар кәдімгі жоспарлы түрлі 21-25 тілдерді дамыту және қолдану бағдарламасы негізінде құрылды ғой. Оларға негізі жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген, ал міне қлубтарымыз, бұл енді мұғалімдердің қосымша жұмыстары. Олар ақша, ештеңе алмайды. Бос уақыттарын пайдаланады.

Көбіне клубқа келушілер салалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді үйренуге ниетті. Сондықтан бұл бағытта да оқыту жүйесін қалыптастыру жоспарда бар. Жалпы облыс бойынша  бүгінде 4,5  мың адам қазақ тілін үйреніп жүр. Соның үштен бірі биыл үш жылдық курсты аяқтағалы отыр. 

Мағауия Қалиев, Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы