Ақтөбе облысында суармалы алқап көлемі артпақ

Биыл 10 мың гектардан астам жер жыртылып, дән себіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қосымша үш жарым мың гектар жер жоспарда тұр. Болашақта көлтабан әдісімен тағы 12 мың гектар қамтылуы тиіс. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Дегенмен шаруалар егін алқаптарына құбыр тартқаннан тыңды бірден игеру мүмкін емес дейді. Тәжірибелі бағбан Ғизатулла Ерменов биылғы көктем шаруалар үшін жайлы екенін айтады. Сондықтан егіс алқабының көлемін арттыруды көздеп отыр. 210 гектар жерге картоп, 80 гектарға пияз, сәбіз бен қырыққабат отырғызуды жоспарлаған. Қосымша 900 гектар аумақты өңдеп, келер жылға даярлау қажет. Ол үшін тың жерді тегістеу керек. Суармалы алқап санын арттыруды қолға алған жергілікті билік осы мәселеге де назар аударса екен дейді.

Ғизатулла Ерменов, бағбан:

Су сорғылау станциясын орнатып, құбыр тарту алқапты суармалы ете қоймайды. Ол үшін жерді де тегістеу қажет. Егер бұл талабы орындалмаса, суарғаннан пайда жоқ. Биік тұсы кеуіп, еңісіне су жиналып, жарытып өнім алмайсың. Ал шаруа қожалықтарының өз күшімен жерді тегістеуге әлі жетпейді. Ол үшін ауыр трактор мен арнайы техника қажет. Бір алқаптың жерін тегістеу үшін удай қымбат көліктерді сатып ала алмаймыз.

Суармалы әдіске иек артқандардың егіні бітік шығып жүргенін ескерсек, тәжірибелі диқанның сөзінің жаны бар. Биліктің де бұл жайтты ескергені дұрыс. Айта кету керек, жергілікті шенеуніктер биыл қосымша он мың гектардан астам жерді суармалы алқапқа айналдыруды көздеп отыр. Жергілікті бюджет есебінен 10 шағын суқойма жасалуы тиіс.

Исатай Еспағанбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 30 мыңның үстінде үнемі суармалы алқап жұмыс жасауда. Жалпы 40 мыңның үстіне дейін жеткізуді біздер қазір жолға қойып отырмыз. Биылғы жылы біздің жоспар бойынша 14 шаруа қожалығы қосымша суармалы жерлерді енгізуді жоспарлап отыр.

 Көктемгі науқанда шаруалардың қажетіне 9 тоннадан астам дизель отыны бөлінген. Литрінің құны 184 теңгеден. Субсидия көлемі 1 миллиард 300 миллион теңге. Бұл бірнеше есе қымбаттаған сырттан келетін тұқым мен тыңайтқыш шығындарының орнын толтыру үшін қажет. Ал, келер жылға арналған тұрақтандыру қорын толтыруға фьючерстік келісімшарт жасалып, тауар өндірушілерге 2 млрд теңге бөлінеді.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Облыстық мәслихат сессиясында тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар тауармен қамтамассыз ету үшін қосымша қаржы бөлінді. Бұл қаражат көкөніс пен картопты маусымында арзан бағамен алуға жұмсалады. Жергілікті тауар өндірушілермен келісімшартқа қол қойылды.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жергілікті картоп пен өзге де көкөніс көлемі Ақтөбе халқын жүз процент қамтамасыз ете алады. Дегенмен әлемдегі ахуал мен көршілес елдердің түрлі шектеу енгізуі азық-түлік қауіпсіздігін алдын ала ойлауды талап етеді. Сондықтан алдағы үш жылда суармалы алқап көлемін екі есе арттырып, 88 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков