Шаруаларға жайылымдық жер жетіспейді – Атырау

Атырауда 6 сотық жерге жиырмадан аса түйе, екі-үш сиыр ұстап отырған шаруа бар. Самат Боранов өрісін кеңейту үшін жер телімін алуға талай рет талпынғанымен тауы шағылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қазір ауыл ішіндегі аядай шарбаққа төрт түлігін амалдап асырап жатыр. Кезінде мыңдаған гектарды иемденіп алғандар жерді игермейтін көрінеді. Енді құзырлы органдар иен жатқан алқаптарды ғарыштан бақылайды. Мақсатсыз жерлер біртіндеп мемлекет есебіне қайтарылады. Ірілі-ұсақты аралас топ түйе шағын қораның қабырғасында бойлай тізіліп тұр. Арасында биыл боталағандары да бар. Ойсылқара төлі тек жуастығы мен егесінің ерінбейтін арқасында сыйысып тұрғандай. Самат Борановтың қорасында түйе мен сиырдан өзге жылқы да бар. Қымыз дайындап, пайдасын көрейін десе оған бие байлайтын орын жоқ. Шаруа жігіттің жер алуға деген құлшынысы екі жыл бойы аяқсыз қалып келеді.

Самат Боранов, шаруа:

Аула тар, жайылатын жер жоқ. Осыдан 10 км жерде «Катлован» өзегі бар, сол жаққа шықсам деймін, жер болмай тұр. Пайда еңбек еткен адамға бар. Сүті, шұбаты, еті пайда бар. Бірақ 6 сотық жерде оны қалай көбейтемін. Сол себепті жер керек. Сол шешілмей тұр.

Атырау облысында ауылшаруашылығына тиесілі 9 млн гектардан астам жер бар. Оның жартысына жуығы сорлы, тұзды болғандықтан егінге де, мал бағуға да жарамсыз. Сондықтан шаруашылықтар 4 млн гектар жерге сығылысып күнелтуде. Енді жер қатынастары басқармасы ауылшаруашылығына жарамды, бірақ игерілмеген жерлерді ғарыштық құрылғылар арқылы бақылайтын болады. Былтыр Атырауда 184 шаруа қожалығы 170 мың гектардан астам жерді мүлде игермегені анықталған. 

Әлібек Ермекқали, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Енді жердің көлеміне келетін болсақ, Қызылқоға ауданында қайтарылмай жатқан 40 мың гектар жер бар. Ал қожалыққа келетін болсақ, ол Махамбет ауданында 40-тан астам қожалық жерді қайтармай отыр. Бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Нәтижесінде облыс бойынша 87 мың гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Ол кезең-кезеңімен Самат Боранов секілді жерден таршылық көріп жүрген шаруаларға конкурс арқылы берілуі тиіс. Жалпы соңғы 3 жылда 1 мыңға жуық шаруаға 500 мың гектарға жуық жер телімі рәсімделген.

Авторлары. Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов