Атырауға үш күнде айлық нормадан артық жауын жауды

Атырауда соңғы үш күндегі толассыз жауыннан қала көшелері суға толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала көшелерінен жаңбырдан кейін 40 мың текше метр су сорылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Атырау қаласының аумағында нөсер жаңбырдан 36 мм ылғал түскен. Бұл – айлық нормадан артық. Салдарынан шаһардағы жеке тұрғын үйлер мен орталық көшелерде су жиналып қалған. Түнгі мезгілде екі үйді су басқан. «Атырау қаласында жауған жаңбыр көшелерде судың мол жиналуына себеп болды. Осыған байланысты қалалық әкімдікке тұрғындардан өтініш көптеп түсті. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес 9 мамырда көшелер мен аулаларда жиналған суды сору жұмысы басталды. «Осы мақсатта «Арнаулыавтобаза» ЖШС мен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК тарапынан 54 вакуум көлігі шығарылды. Бұл жұмысқа 78 адам жұмылды. Кешеден бері қала көшелерінен 40 мың текше метр су сорылды. Нөсер жаңбырдың суын соруға жеке иеліктегі вакуум көліктері де тартылды», – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.