Қазақстан мен Түркия арасында әуе рейстерінің саны артады

Қазақстан мен Түркия арасында әуе рейстерінің саны артпақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму минитрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министр бүгін Қазақстанның ресми делегациясы құрамында мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоғанның шағын құрамдағы кездесуіне қатысты.

Жиында министр транспорт, өнеркәсіп, құрылыс және әскери техника салаларында жүзеге асырылған және болашақта іске асатын қазақ-түрік бірлескен жобаларын баяндады.

Ведмство басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанның Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Түркістан және Шымкент қалаларынан Түркияға аптасына 37 жолаушы рейсі ұшады. Сондай-ақ аптасына Анталия және Стамбұлға 24 әуе тасымалы жүзеге асырылады. Ал 13 мамырдан бастап Анталия және Бодрумға, еліміздің 10 қаласынан ұшақ ұшпақ. Сөйтіп, аптасына 63 рейске дейін артады. Нәтижесінде қос мемлекет арасындағы апталық рейстердің жалпы саны 124-ке дейін өсетін болды.