Шымкентте 2 мыңнан астам адам бір күннен бері газсыз отыр

Шымкенттің 2 мыңнан астам тұрғыны бір тәуліктен бері газсыз отыр. Кеше құрылыс алаңында жүк артқыш экскаватор  жерасты құбырына зақым келтірген. Оқиға орнында авариялық құтқару бригадасы жұмыс істеп жатыр. Полиция іс қозғап, тергеуді бастады.

Газ саласының мамандары апатты жағдайдан зардап шеккендер жоқ, дейді. Тек оқыс оқиғаның салдарынан 2221 тұтынушы кешелі бері газсыз отыр. Тұрғын үй абоненттерінен бөлек кәсіпкерлік субьектісі сондай-ақ мектеп, балабақша сияқты 20 әлеуметтік нысан көгілдір отыннан ажыратылды. 

Нұрсәт шағын ауданындағы балабақша қызметкерлері газдың жоқтығына үйрене бастадық дейді. Себебі бұл аудан жыл басынан бері екінші рет көгілдір отыннан ажыратылған. Сондықтан бүлдіршіндерді ыстық тамақсыз қалдырмас үшін 80 орындық нысанға электрлі плита қойылған.

Индира Дүйсенбаева, балабақша меңгерушісі:

- Газ болмай қалатын жағдайға дайын болып тұрамыз ғой біз. Сол үшін электрический алып қойғанбыз. Газ болмай қалған кезде электрикалықты қосамыз. Жиі емес қыста бір рет қана болмай қалды. Тоже бір жерде авария болды деді. А так газ үнемі бар. 

Тұрғындардың кейбірі апат орнын айналшықтап, газдың қайта қосылғанын күтіп жүр. Оның үстіне аумағы қоршалған нысанда құрылыс жұмыстары күн-түні тоқтамайды екен. Апаттың да салдарын сонымен байланыстырып отыр.

Ерсұлтан Шәбдікерімов, қала тұрғыны:

- Газдың жоқтығынан енді ыстық тамақ, ыстық шәй болып жатқан жоқ. Көшеден жеп, көшеден ішіп жатырмыз. Жуыну үшін су газбен жылытылады ғой. Енді ертерек жөндеп, ертерек қосып берсе жақсы болатын еді.

Газ саласының мамандары полиэтилен газ құбырын қайта қалпына келтіруге жедел жұмыс күші жұмылдырылғанын айтады. Шығын көлемі нақтыланса кінәлі тарап өтейді, дейді. Оның үстіне жер қазу жұмыстарын жүргізуге коммуналдық мекеменің рұқсат қағазы да жоқ.

Эльдар Қуандықов, «Қазтрансгазаймақ»  АҚ қалалық филиалының жетекші маманы: 

- Бұл жерде жер қазу жұмыстарын жүргізу мақсатында жер асты коммуналдық қызметкерлерімен келісілмеген жағдайда жұмыс атқарылған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларға осылай келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Келтірілген шығындар ол кісілерге де қосымша жолданатын болады.

Қала аумағында жыл басынан бері газ құбырына сегіз рет зақым келген. Ал өткен жылы жер асытындағы инженерлік желілер отыз рет бүлінген. Кейбір оқыс оқиғаға қатысты полиция қызметкеріне арыз түсіп, күдіктілер әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы