Алматылықтар толассыз жауыннан әбігерге түсті

Алматылықтар толассыз жауыннан әбігерге түсті

Бүгін Алматыда нөсер жауын жауып тұрғындар мен коммуналдық қызметті әбігерге салды. Көшелерді, жеке тұрғын үйлердің аулалары мен көп қабатты үй жертөлелерін су басты. Қалалық төтенше жағдайлар қызметіне 30-ға жуық шұғыл қоңырау түскен. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, 2 сағатта қалаға жауын-шашынның бір айлық мөлшерінің үштен бірі жауған. 

Жауын-шашынды ауа райы Алматы үшін таңсық емес. Сондықтан бүгінгідей табиғаттың тосын мінезі қалыпты, дейді мамандар. Қалада қатты жаңбыр жауатыны туралы алдын ала ескерту жарияланған болатын. Мамыр айындағы жауын-шашын мөлшері 106 миллиметр болса, бүгін соның үштен бірі түскен.

Дәулет Кисебаев, "Қазгидромет" РМК Алматы қ. бойынша филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімі басшысы:

- Қатты жауын-шашын температураның айтарлықтай айырмашылығынан туындайды. Күндіз қалада ауа температурасы 10 градусқа төмендеді. Кеше 30 градус болса, бүгін 20-21 градус шегінде. Осыған байланысты тауларда фронтальді бөліктер шиеленісіп, толассыз жауын-шашын жалғасуда. 

Толассыз жауған жаңбырдан көшелер мен жекелеген аулаларды, жертөлелерді су басты. Жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері суға толып, тіпті автобусқа су кірген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан жолаушылардың биік жерлерге шығып алғаны көрінеді. Қазіргі уақытта «Қазселденқорғау» бекеттерінде бақылау күшейтілді. Қаланың төменгі бөлігіндегі жиі су басатын учаскелер мердігерлік ұйымдардың бақылауына алынып, топырақ салынған қаптар қойылды.

Айдын Қалабаев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің басшысы:

- Су басудың алдын алу және жою мақсатында мердігерлік ұйымдардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Суды кедергісіз өткізу және сорып шығаруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізу үшін жалпы саны 609 адамнан тұратын мобильді бригадалар, 252 бірлік арнайы техника және 24 мотопомпа жұмылдырылды.

Алматыда алдағы екі күнде жауын-шашынды ауа райы сақталады. Синоптиктердің болжамы бойынша нөсер жаңбыр жауып, жел екпіні күшейеді.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон