БҚО-да иттер малға шапты

Батыс Қазақстан облысында қаңғыбас иттер малға шауып жатыр. Далада топтасып жүретін иесіз жануар өрістегі түлікті талап, жаңа туған төлін жеп кеткен. Қараусыз жүрген иттер адамға да қауіп төндіреді - дейді ауыл тұрғындары. Мәселе өңірде жиі көтеріледі. Бірақ, нәтиже шамалы.

Бұл Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылындағы жағдай. Ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерден әбден зәрезап болған. Иесіз жануарларды ұстап, қандай да бір шара қолдануға заң рұқсат бермейді. Бірақ түйкілді мәселені шешетін мезгіл жетті, дейді ашынған тұрғындар.

Зиба Тоқабаева, Күйгенкөл ауылының тұрғыны:

- Балаларызымзы сабаққа жеке өздерін жібере алмаймыз. Шықсақ 10-15 иттен солай групповой жүреді иттер. Невозможно. Тіпті адамды жеуге дейін баратын сияқты, бара-бара баратын түрі бар.

-  Малға шауып жатыр, туып жатқан сиырлардың бұзауын жеп қойып жатыр. Ол тек бір ғана жағдай емес, өте көп. Ауылымызда статта бағып жүргенде далада қойымызға ішінде бақташы жүргенде шабуыл жасап жатады, ауылдың ішінде қойларды жеп қойып жатыр. 

Ауыл тұрғындары малды өріске айдауға қорқамыз дейді. Өйткені қаңғыбас иттер далада топ-тобымен өріп жүр. Ең жаманы төрт түлік атаулыны талап, жаңа туған төлін жеп кететін болған.

- Міне иттер жеп жатыр, сиырды үйелетіп өлтіріп тастаған... 

Жалпақтал ауылында да сондай жағдай. Мұнда да ауылдың ішінде төрт түлікті ит қуып жүрген көрініске тап болдық. Ауыл тұрғындары бұған қарсы тездетіп нақты шаралар қолға алынса дейді.   

Гүлнәр Бақтыгереева, Жалпақтал ауылының тұрғыны:

- Мені қыста қуды, өзімнің басымнан өтті. Ана жерде құладым. Тістеуге дейін барды. Бірақ көрші балалар тап болып, аман қалдым. Ит көп, бір үйде екі иттен бар әйтеуір. Міне жаңа өзіңіз де көрдіңіз ғой, қақ алдыңда малға шабады.  

Жыл басынан бері облыста 3 мыңдай қаңғыбас ит пен мысық ауланған. Адам өміріне қауіп төндіріп, жануарларға шапқан екі мыңға тарта бұралқы иттің көзі жойылыпты. Екі жыл бұрын енгізілген ережеге сәйкес, ауланған иесіз үй жануарлары заласыздандырылып, өз ортасына қайта жіберіледі. Бұл төрт аяқты достарға деген ізгі ниеттен туған амал еді. Бірақ мәселе түпкілікті шешімін тапқан жоқ.  

Балдай Сапарғали, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс тұрғындарына айтарымыз егер де жануарлар мен адамның өміріне қаңғыбас иттер тарапынан қауіп төнген жағдайда міндетті түрде ветеринарлық станцияның мамандарына хабарласып өнтініш білдіру қажет. Соның негізінде жаңағы қауіп төндірген жануарлар жойылатын болады. Олар өтініште көрсетілген мекен-жайға шығып аулау жұмыстарын жүргізеді. Кейін арнайы мекемеге апарып жансыздандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Қаңғыбас иттер облыс орталығында да тым көбейіп кетті. Осы жылдың тек үш айында ит қапқан 384 өңір тұрғыны дәрігер көмегіне жүгінген. Мамандар олардың санын реттеудің бір жолы  жануарларға чип тағу дейді. Қазір өңірдің ит-мысықтарды тіркеуге арналған дерекқорында 12 мыңнан аса жануар тіркелген. Соның ішінде тек 4 мыңдай жануардың ғана нақты иесі бар екен. Қалғандары қаланың әр бұрышында үйір-үйір болып қараусыз жүр. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов