Ақтөбе ауылына өркениет қашан келеді – Алматы облысы

Алматы облысындағы Ақтөбе ауылының тұрғындары жол талғамайтын көлікті ғана мінеді. Олар асып тасқанынан емес, тегіс жолдың жоқтығынан осылай істеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені жер бауырлаған жеңіл автомобильдер елді мекенге жете алмайды. Ақтөбе ауылының санаулы тұрғындарында ғана көлік бар. Соның бірін Талғат Баймұқанов тізгіндейді. Ол аптасына  екі-үш рет аудан орталығына қатынайды. Әрбір барған сайын 17 шақырымдық жолдың азабын тартады.

Талғат Баймұқанов, Ақтөбе ауылының тұрғыны: 

Шұңқыр шұңқыры көп. Тасы көп. Бәрін су орып кеткен. Жүргеннің өзінде әрең жүреміз. Жеңіл мәшине келе алмайды. Джиптардың өзі әрең жүреді. Асфальт төсеп бере алмаса, тегістеп тас төсеп берсе әйтпесе қиындау.

Жолдың қиындығынан қаупі басым. Өйткені 1969 жылы студенттік құрылыс отряды салған Ақсу өзеніндегі көпір көлік жүрген сайын шайқалады. Бетіне төсеген бөренелері де шіри бастаған. 

Қыдырбек Мұсабеков, Ақтөбе ауылының тұрғыны:

Көмір әкелгенде камаздар өтпейді. Жотаға төгіп кетеді. Көпір опырылып кете ме деп қорқады. Грузовой мәшинелер әрең өтеді. 

Дулат Ысқақов, Ақтөбе ауылының тұрғыны:

Жолдың жамандығынан жолдың қиындығынан комбайн әкеле алмаймыз. Үлкен мәшине жүре алмайды. Сол себепті егістік егілмейді. Бәрі бос қалды. Мал шаруашылығына пайдаланылады.

Ауылға қарай тартылған және ауыл ішіндегі электр бағаналары әбден ескірген. Тұрғындар бірқатарын сым темірмен байлап, құламастың қамын жасап қойыпты. 

Райса Әпсеметова, Ақтөбе ауылының тұрғыны:

– Көпірімізді жөндеп берсін, жолымызға көмектессін. Фельдшер берсін. Мына светімізді, столбыларымызды ауыстырып берсін, талап осы.

Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:

Электр жүйесі жоспарланған. Аудандық электр жүйесінің меншігінде. Олар биыл бетонный столбы ауыстыру керек және де медпункт бойынша ол жерде Суықсай бойынша амбулатория бар. Сол бір фельдшер қызмет атқарады. Медпункт 2024 жылға жоспарланған.

Екі жыл бұрын елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізілген. Жауаптылар биыл Суықай мен Ащыбұлақ арасындағы жолдың жобалау сметалық құжаттарын жасап, құрылысын келесі жылы бастамақ. Ал одан Ақтөбеге дейінгі аралықтағы селкілдеген көпір мен қауіпті қара жолдың қашан жөнделетіні білгісіз. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев