Ақтауда қала жолдары тар, велосипед жолағы жасалмаған

Тас жолда автокөлікпен қабаттасып жүруге тура келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

Қазір қалада 100 мыңға жуық көлік бар. Ойлай беріңіз, қоршаған ортаға қаншама зиян келіп жатыр. Ал Ақтау шағын әрі жылдың 4 мезгілінде жылы қала болғандықтан көлікті велосипедке ауыстыруға болады. Бұл тәжірибе Еуропаның көп елдерінде бар. Алайда әзірге мүмкін емес.

Себебі Ақтауда велосипедке арнайы жолақ қарастырылмаған. Тасжолда автокөлікпен қабаттасып жүруге тура келеді. Талап бойынша велосипедшілер оң жақ шетпен бір метр қашықтықтан аспауы тиіс. Ал қаладағы жолдар тар. Сондықтан соңғы жылдары велосипедпен жол апатына түсу жиілеген. 

Білімғали Сұлтанов, облыстық полиция департаменті жп басқармасы басшысының орынбасары

Ақтау қаласында 20 жылы 3 адам дене жарақатымен больницаға түскен. Биылдың өзінде 2 жол апаты болды. Оның біреуі Түпқараған елді мекенінде 4 жасар бала автобус автокөлігінің астына түсіп, қайғылы қазаға тап болды. Көпшілігі жасөспірім тарапынан орын алып жатыр. Жаяу жүргіншілер жүретін жолмен жүреді де, келеңсіз жағдайға душар болады. Велосипед, самокаттың өз категориясы жаяу жүргіншіге жатады, арнайы жолдар бар, бірақ облыс орталығын қамти алмайды, бүгінгі таңда жеткіліксіз. 

Ақтауда бірнеше жерде ғана велосипедке арналған жолақ жасалған. Мұнда келудің өзі әбігерге түсіреді – дейді Ақмоншақ Жылқыбекова. Оның айтуынша, шағынаудан ішінде велосипедпен жүру мүмкін емес. Тротуарлардың сапасы сын көтермейді.

Ақмоншақ Жылқыбекова, қала тұрғыны:

29-да тұрамын. Тротуармен жүретін болсақ, көп кедергілер бар. Именно осындай велосипедке арналған жол жоқ, түсіп жаяу жүруге тура келеді. Микрайондарда қиындау. Машина жолға шыға алмаймын. 

Татьяна Алешкина, қала тұрғыны:

Бұл мәселені бірнеше рет қалалық әкімдікке айттық. Бірақ құлар асар билік жоқ. Қаланың іші былай тұрсын, теңіз жағасындағы жолақта да жаяу жүргіншілермен жиі соқтығысамыз. Бас амандығы үшін алаңдаймыз.

Онсыз да жарымаған жолға жаяу жүргіншілердің таласатыны тағы бар. Велосипедшілердің жаяу жүргіншілерді қағып кетуі жиілеген. 

– Менің інімнің сыныптасын велосипедші қағып кетті, сол жолдың жоқтығынан болды. Адамдар кешкі серуенге көп шығады, теңіз жағасында ғана бар, оның өзі барлық жағалауға салынбаған, кеңейту керек.

Жаяу жүргіншілерге кедергі жасайды. Көбейткен дұрыс.

Ал жергілікті әкімдік мәселенің өзекті екенін растады. Бірақ әзірге жаңа жолақтар салу жоспарланбаған. Тек қолданыстағы жаяу жүргіншілер жолы жөнделмек.

Рысты Шамшадинова, қалалық мәдениет, дене шынықтыру, спорт бөлімінің бас маманы:

Қала ортасында арнайы жолдар жоқ. Тек тротуарлар ғана ыңғайлы. Жарамдысы 23,4. Жөндеу қажет ететіні 3,2 км тротуар. Жаңадан салынатын 570 метр ұзындығы қазір өлшеніп анықталған. 

Ақтауда 20 шақты кәсіби велошабандоз болса, 1 мыңға жуық тұрғын велосипедпен бос уақытында серуендейді екен. Әзірге арнайы жолақтар көптеп салынбай, екі дөңгелекті көлік құралын тізгіндегендер басын қауіп-қатерге тігуге мәжбүр.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев