Елде құрылыс материалы қаншаға қымбаттады?  

Елде құрылыс материалы қаншаға қымбаттады?  

Құрылыс материалдары ай сайын қымбаттап, қол жеткізбей барады. Баға қашан қашан тоқтайды? Өзімізде не шығады? Қай материалды импорттаймыз? Үй бағасы өсе ме, түсе ме? Бұл туралы арна тілшілері зерттеп көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

Қазіргі кезде бір үйді салуға қанша ақша кетеді дегенге тоқталсақ. Эконом санаттағы 10 қабатты үйді түгел салып шығуға шамамен 3 миллиард теңге керек. Құрылысқа ірілі-ұсақты мыңға тарта материал жұмсалады.

Сол материалдың бәрі өзімізден емес. Тең жартысын импорттаймыз. 

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

– Ресми ақпарат бойынша 54% құрылыс заттарын өзімізде елімізде шығарамыз. 46%-ін шеттен шетелден әкелеміз. Біз енді 54% шығарсақ та бүкіл отанымызды қамтамасыз ете алмаған соң сырттан мәжбүр болып жатырмыз. Сырттан қосымша құрылыс заттарын әкелуге сонда жалпы 60 проценттен астам құрылыс заттарын сырттан әкелеміз.

Сонымен қай материалды импорттаймыз? Өзімізде не жасаймыз? Атын атап айтайық. Қазақстанда кірпіш, газоблок, цемент, құм, қиыршық тас, бетон, арматура, қыш тақта, желім, гранит, мәрмәр шығады. Бірақ жетпейді. Жетпеген соң шеттен импорттаймыз. Мәселен Ресейден арматура, сыр, керамика, кірпіш, алюминий профилі, панель, линолеум, шыны және ағаш бұйымдар сатып аламыз. Түркиядан керемика, гранит, лифт, мәрмәр, санфаянс, Қытайдан гранит, қыш тақта, керамика, лифт және сантехника бұйымдарын әкелеміз. Ал енді өзімізде жасалған материалмен үйдің нақты қанша процентін салып шығуға болады деген сұрақ туындайды? 

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

– Өзімізде отанымызда шығарылатын құрылыс заттарымен нақты қабырғаны көтере аламыз. Сосын кейбір өңдеу ішкі жұмыстарын, және кейбір сыртқы жұмыстарын жүргізе аламыз, болды.

Енді материалдың құнын айтайық. Пандемияға дейін баға көктем мен жазда ғана, яғни нағыз құрылыс қызатын маусымда өсетін болса, 2020 жылдан бастап әр тоқсан сайын қымбаттай бастаған. Ал осы жылдан бері баға ай сайын көтеріліп барады.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

– Арматура осы бір айда 1 ақпаннан 1 наурызға дейін 26 процент өсті. Арматураның өзі, 1 айда. Кабель 24 процент өсті. Алюминивый профиль 25% өсті. Фанера 9 процентке өсті. Кірпіш өзімізде шығарсақ та бірақ сырттан әкелеміз 5 пайызға өсті. Линолиум 7 өсті. Сантехника, электрикалық жабдықтар 15 процент өсті. Енді әрі қарай өсе береді. Өзіміз ойлаймыз жазға дейін өседі. Шілдеге дейін. Сосын біраз тоқталады деп өзіміз солай прогноз қойып отырмыз.

Мына зауытта дайын қабырғалар шығарылады. Осы дайын қабырғаларды жасауға көп нәрсе керек емес. Цемент, құм, тас және арматура болса жеткілікті. Бірақ, кәсіпорын басшысы соңғы уақытта сол шикізат тым қымбаттап кетті дейді.

Жанна Бектемірова, құрылыс зауытының басшысы:

– Цемент, қиыршық тас пен құм Қазақстаннан. Ал темірді Ресейден әкелеміз. Соңғы жарты жылдың статистикасын келтірсем, осыдан алты ай бұрын цементтің тоннасы18-19 мың теңге болса, қазір оның бір тоннасы 35 мың теңгеге жетті. Қиыршық тас тіпті 3 есе қымбаттап кетті. Құм да сол. Мұның бәрі Қазақстанда шығады емес пе? Неге қымбаттады екен дейсің. Мүмкін сол шикізатты шығаратын кәсіпорындардың басшылары сөз байласты ма, «бағаны өсірейік» деп. Кім білсін?! Ал Ресейден алатын арматураның құны тіпті өсіп кетті. Содан тиісінше үй қымбаттап барады.

Жанболат Мұқашев, құрылыс компаниясының бас экономисі:

– Осы бір жылдың ішінде мынау эконом, комфорт санатындағы үйлердің құны 70 пайызға дейін көтерілді. Өзіндік құны 1 шаршы метрге есептегенде. Мысалы, айтсақ комфорт санатындағы үйдің құны бір жыл бұрын 202-205 мың теңгені құраған болса, бүгінде 340-350 мың теңгеге жетіп жығылды.

Шеттен дайын материал ғана сатып алмаймыз. Өзімізде жасайтын кейбір материалға қажетті шикізатты да, кәсіпорындарға қоятын қондырғыларды да импорттаймыз. Сосын да баға қырық құбылады. Ал елде 2470-тен аса кәсіпорын бар. Жоғарыда атаған кейбір материалды шығарады. Бірақ, ірі зауыттар аз.

Мұхамед Андаков, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің  басқарма басшысы:

– Көбісі кішігірім кәсіпорындар болып саналады. Бұл кәсіпорындар сезонный работы.

Импортты азайту үшін не істемек керек? Елде шығатын материалдың түрін, көлемін қашан көбейтеміз. Жауапты министрлік өкілі «қазір жол картасы әзірленіп жатыр» деді.  2025 жылға дейін 17 өңірде жаңа зауыт ашылмақ.

Мұхамед Андаков, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің басқарма басшысы:

– 157 кәсіпорын іске қосамыз 2025 жылға дейін. Оның ішінде біз қазір «Самырұқ-Қазынамен» 35 жобаны іріктеп алдық. Тікелей сол жобалармен жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа айтып отырған 40 процент импорттан келетін тауарлар бойынша өндірісті өзіміздің Қазақстан қоймақшымыз. Жоспарлап отырғанымыз бізде 80.    80 процентке дейін апарамыз.

Министрлік өкілі импорттан біржола арылу мүмкін емес дейді. Себебі жыл өткен сайын технология мен материал жаңарып, түрленіп барады. Сондықтан алдағы уақытта да шетелдерден тасуға тура келеді. Қазір елімізде бір жылда 17 млн шаршы метр үй салынады. Енді құрылыс көлемін 20 млн шаршы метрге дейін ұлғайту міндеті тұр. Демек материалға сұраныс тіпті арта түседі. Бұдан шығатын түйін – импорттың үлесі азая қоймайды. Ал мамандардың болжамынша, баспана әлі де қымбаттай түседі.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Асхат Қарақойшиев, Диас Қобылданбаев, Ақылбек Есемсейітов