Скрининг өту аурудың алдын алады

«Коронавирус шыққалы туберкулез дертімен күрес бәсеңдеген. Салдары алдағы бір-екі жылда көрінуі мүмкін», – дейді мамандар. Нақтырақ айтсақ, жұқпалы ауру көрсеткіші 5-10 процкентке дейін қайта артуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін қол жеткен жетістік жаман емес. Статистика бойынша 2015 жылы бұл дертке шалдыққандардың саны 10 мыңнан асқан. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 6824 адамнан ауру белгілері шыққан. Қазір елімізде туберкулезді анықтау және оны емдеу үшін озық технология мен дәрі-дәрмек пайдаланылуда. Тоқсан жылдық тарихы бар Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мәліметінше, қазір осы ауруды ең алғашқы сатысында анықтауға болады. Мысалы, молекулярлы гендік «Genexpert» аппараты 2 сағаттың ішінде адамда жұқпалы ауру бар немесе жоқ екенін анықтайды. Қарапайым микроскопқа қарағанда мың есе тиімді аппарат еліміздің барлық өңірінде қолжетімді. Туберкулез өкпеден тыс ағазаларды да зақымдауы мүмкін. Сондықтан ауруды жасырмай дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. 

Панагүл Жазыбекова, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының департамент жетекшісі:

– Өкпе тіні зақымданатын болса, сырттан туберкулез таяқшалары түсетін болса, өкпе тіні дұрыс тазармай сол зақымданған жерге туберкулез таяқшалары шөгіп, сол жерде ауру пайда болуы мүмкін. Сондықтан да біз қазіргі таңда барлық медицина мекемелерінің мамандарын үйретіп жатырмыз. Бұрын ковидпен ауырған адамдардың барлығын жоғарғы қауіп-қатер тобына қосып, міндетті флюорографиялық скринингтен өткізіп тұрыңыздар деп бұйрыққа қосып жатырмыз.