Жеңілдетілген автонесиелеу мамырдың 16-сынан басталады

Бұл туралы бүгін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, өнеркәсіпті дамыту қоры екінші деңгейлі банктермен тиісті келісімге отырған. Қазір 5 банк тиісті үдерістерді бастап кетті. Индустриялық даму комитетінің мәліметі бойынша жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған. Үкіметтен 80 млрд теңгеден астам қаржы банктердің айналымына түскен соң 150 млрд-қа дейін өсті. Осылайша бағдарлама аясында 30 мың көлік несиеге берілді. Қазір утиль алымның есебінен тағы 100 млрд қарастырылып отыр. Алайда жеңілдетілген шартпен несие рәсімдеп, темір тұлпар мінгісі келетіндердің өтіншін банктер қазір қабылдап жатқан жоқ. 

Олжас Сапарбеков индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:

– Түсінгенімше, банктердің айналымдағы қаржы көлеміне қарай белгілі бір мөлшердегі ақшасы бар. Ол ақша есепшоттарға түскеніне қарай банктер қарастыратын өтінім санын алдын ала белгілеген болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ақшасы жетпесе, автонесие береміз деп бос уәде бере алмайды ғой. Бекер кезекті ұлғайтып, адамдарды текке күттіріп қайтеді? Осыны түсінген банктер өтінім қабылдау процесін тоқтатуы мүмкін. Бұл менің ойым ғана, жай-жапсарын банктердің өзінен анықтау керек шығар.