Елімізде жол белгілері жиі ұрланады

Жол белгілерін де ұрлап кетеді. Қолды болатындары, әсіресе, қауіпсіздік үшін қойылған қоршаулар, жарыққа шағылысатын және ескерту белгілері, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, былтыр осы жол бойына 60 миллион теңгеден астам шығын келген. Күре жолдың бойындағы қауіпсіздік қоршаулары мен ескертпе белгілерге деген сұраныс артып тұр. Көбінесе елді мекендердің маңайындағылары ұрланады. Мал қорасын бітеп, құрылысқа қолданып, әйтеуір бір кәдеге жарататын көрінеді. Жолға жауапты мекеменің мәліметінше былтыр 60 миллион теңгеден аса зиян келген. Пысықайлардың бұл әрекеті жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп отыр.

Адина Айнаева, Qazaqautozhol баспасөз қызметінің басшысы:

– Біз түсінуіміз керек, бұл жол белгілерінің ұрлануы жолдағы қауіпсіздіктің төмендеуіне алып келеді. Қарапайым ғана мынау жануарлардан қорғайтын сеткалар өте жиі алынып жатады.  Өткен жылдың өзінде 109 жол көлік оқиғасы болды жануарлардың қатысуымен. Сол 109 көлік оқиғасында 135-тен аса адам жарақат алған әртүрлі деңгейде. Қателеспесем 30-дан аса адам қаза тапқан.

Биыл ұрланған немесе тозығы жеткендерінің орнына 10 мың жаңа жол белгісі орнатылады. Елімізде 25 мың шақырым жол торабы бар екен. Соның 473 мыңнан аса шаршы метрі ойылып, 90 мың шаршы метрі толқынданып кеткен. «Бүлінген асфальт күзге дейін толық жамалады», – дейді мамандар. Жолдың жылдам тозуына құрылыс сапасы мен ауыр жүк көліктері әсер етеді. 

Берік Сарқытбаев, Qazaqautozhol Алматы облысы бойынша бас инженері:

– Қазіргі таңда 70 тоннаға дейін алып жүреді үлкен машиналар. Біздің жолдар ондайға есептелмеген, бір осьқа 8 тонна дейді. Мысалы, Камазды алатын болсақ 3 ось бар, 24 тонна алып жүру керек өзімен бірге. Ол 24 тонна үстіндегі жүгі емес машинамен жалпы салмағы болу керек. Мысалы, Камаздың өзі 14 тонна болса, оның үстінен 10 тонна алып жүре алады.

Жүк көліктеріне қатысты уақыт жағынанда шектеулер бар. Көктем мен күздегі ылғалды ауа райында және жаздың шіліңгір ыстығында таңғы сағат оннан бастап түнгі сағат онға дейін шектеу қойылады. Бірақ барлық жүргізушілер бұл ережені сақтай бермейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев