Қызылордада берешегі барлар газдан ажыратылады

Қызылордалықтардың газға қарызы 1 миллиард теңгеден асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қордаланып қалған қарызы бар абоненттің саны 55 мыңдай. Жылу маусымы аяқталды. Енді заң бойынша тұтынушыларды газдан ажыратуға рұқсат бар. Бұл шаралар 13 мамырдан басталып отыр. Қарызды өтеу айлығы аясында күнделікті рейд өтетін болады. Бүгін Қызылорда қаласындағы бірнеше жеке үй газ жүйесінен ажыратылды. Қызылорда қаласы, Қарабалаев көшесіндегі мына жеке тұрғын үй бүгін көгілдір отыннан ажыратылды. Пайдаланған газ үшін үй иесі екі жылдан бері ақы төлемеген. Қордаланған қарызы 142 мың теңгеден асып кетіпті. Жалпы бір ғана Титов ықшам ауданында 9300 абонент болса, соның 8 жарым мыңдайы уақытында төлем жасамай отыр, дейді мамандар.

Құралай Тұрғанбаева, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының бөлім басшысы:

– Қарсылық білдіреді абоненттер, өшірткізбейді. Контроллерді де тыңдамайтын абоненттер бар. Ең жоғарғы қарыз 300-350 мыңнан басталады, ең төменгі қарыз 25 мың, 10 мың теңгеге дейін қарыздар бар.

Тұтынушы газ ақысын әр айдың 25-не дейін төлеуі тиіс. Ал қарызы бар екендігі туралы хабарлама берілгеннен кейін 3 күн ішінде есеп айырысуы тиіс. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда жылу маусымының аяқталуына байланысты берешегі бар тұтынушылар 13 мамырдан бастап газдан ажыратылады. Қызылорда облысы бойынша мұндай абоненттер саны 55 мыңнан асқан.

Базарбек Ерімбетов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы:

– Бүгінгі күнге дейін Қызылорда қаласы мен Қызылорда облысы бойынша тұтынушыларымыздың газға берешегі 1 млрд теңгеден асып тұр. Бұл 1 млрд теңгенің негізгі сомасын жеке секторлардың берешегі болып есептеледі.

Берешегі толық өтелгеннен кейін газға қайта қосу үшін де тұрақсыздық айыппұлы өндіріледі. Одан бөлек газ жүйесіне қосу және ажырату қызметінің ақысы тағы бар. Тұрғындардың осындай қосымша шығындарға тап болмауы үшін көгілдір отын ақысын дер кезінде төлеуді сұрайды, мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин