Қазақтар мен моңғолдардың ДНК-лары салыстырылды

26 градусқа дейінгі төмен температурада еліміздің азаматтарынан жиналған мынандай ДНК және қан үлгілері сақтаулы. Дәл осындай қан үлгілерін біздің ғалымдардан құралған экспедициялық топ Моңғолияға аттанбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Моңғолияның кіші этникалық топтарынан 500-ге жуық азаматтан қан үлгілерін жинақтап, ортақ туыстық белгілер мен этникалық сәйкестіктерді анықтайтын болады.

Бұл экспедицияны адам генетикасын зерттеумен айналысатын ғалым Мақсат Жабағин асыға күткенін айтады. Алдағы дүйсенбі күні  үш апталық сапарға аттанбақ. Зерттеудің мақсаты айқын, енді оны іске асырып, нәтижесін этногенез саласындағы ғылыми жаңалық ретінде жариялауды жоспарлап отыр.

Мақсат Жабағин, ҰБО адам генетикасы зертханасының меңгерушісі:

– Ол жақта да әртүрлі моңғол тілдес этникалық топтар бар. Солардың әртүрлілігін зерттейміз генетика арқылы. Сол қазақ халқымен байланысы қандай, біздің ортақ арғы шығу тегіміз қандай деген сұрақтарға жауап іздейміз. Қазіргі тұрып жатқан моңғол тектес топтардың қайсысы жақын, қайсысы алыс екенін анықтау үшін сол жаққа барып, этнографиялық деректерін жинаймыз, сонымен қоса ДНК-сын жинаймыз.

Қазақ ғалымдары Моңғолия жерінің бұрын осындай зерттеу жүргізілмеген батыс және шығыс өңірлерін қамтымақ. Тұрғындардан жиналған ДНК үлгілері арнайы биобанкте сақталып, елге жеткізіледі. Зерттеу Ұлттық биотехнология орталығының лабораториясында жалғасады. Орталық Азия халықтары тарихының жаңа бетін ашуға мүмкіндік бар, - дейді ғалымдар.

Ерлан Раманқұлов, ҰБО бас директоры

– Біздің Моңғолияға экспедициямыз осы күнге дейін аз зерттелген түрлі моңғол руларына қатысты. Ал, Моңғолияның негізгі халқы жақсы зерттелген, оны әрі қарай қазбалау мақсатымыз емес. Бұрын ғалымдар назарына көп ілікпеген топтар бар. Мәселен найман, қоңырат, керей секілді ірі рулар 700-ден аса жыл бұрын Моңғолияда тұрып, көшпелі дәстүр кезеңінде қазақ жеріне қоныс аударған. Солардың еліміздегі басқа да рулармен гендік сәйкестігін білеміз.

Қазақ халқы Жер бетінде өз шежіресін жақсы білетін аз ұлттардың қатарында, - дейді ғалымдар. Заманауи ғылым мен технология оны дәлелдеуге мүмкіндік беріп отыр. Өкініштісі, көшпелі халқымыздың тарихи оқиғалары сақталған жазбалар аз. Деректі материалдар тапшылығын ескерсек, тың мәліметтер тарихшылар, археологтар мен палеонтологтар үшін құнды болары сөзсіз.

 

 

Сондай-ақ...