Алматыда республикалық ата-аналар форумы өтті

Қоғамда саналы ата-ана моделі қалыптасуы тиіс.

Сонда ғана балалар арасында кездесіп жатқан зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, педофилия, буллинг сияқты сорақы әрекеттердің алдын алуға болады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан республикалық ата-аналар форумында айтылды. Оған Алматы мен Алматы облысынан мыңға жуық делегат қатысты. Меймандардың қатарында гуманды педагогиканың негізін қалаушы академик Шалва Амонашвили де бар. Жиынды өткізуге қоғамдық бірлестік мұрындық болған. Қатысушылар ата-аналардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығы мен отбасы құндылығын арттыру жайын ортаға салды. Бала құқығы, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де басты тақырып болды. Форум үш күнге жалғасады.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Дәл осындай форумның, бірлестіктің өмірге келгені өте уақытылы, өте орынды. Өйткені бүгін бірін бірі кінәлайтын ата-ана мұғалімді кінәлайды. Мұғалім мектепті кінәлайды. Басшылықты кінәлайды. Мәртебем өспеді дейді. Баланың алдында мұғалімнің басын жығып беретін жағдайлар не болмаса керісінше ата-ананың басын жығып беретіндей дүниелер көптеп кездескеннен кейін ымыраға келіп бірлесіп, іске көшу өте маңызды мәселе деп ойлаймын.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз қазір баланың тәрбиесін әлеуметтік желілерге беріп қойдық. Нетфликске беріп қойдық, Тик-токқа беріп қойдық. Сосын өз-өзімізді кінәлап отырмыз. Неліктен менің балам мына тілде сөйлеп кетті. Мына құндылықтар былай қалыптасып кетті дегендей. Саналы ата-ана деген ұғым қалыптасып жатыр қазір дүние жүзінде халықаралық практикада. «Сеніммен болашақ» қозғалысы сол модельді Қазақстанда кеңінен таратпақ, түсіндірмек.