Петропавлдағы әуежай өтпей жатыр

Петропавл халықаралық әуежайы екі рет аукционға шығарылғанымен өтпей жатыр. 

Стратегиялық нысанға қызығушылық танытқан инвестор жоқ. Алғашында әуе вокзалы 5,6 млрд теңгеге бағаланған. Екі айдан кейін бағасы 2,8 млрд теңгеге арзандады. Шарт бойынша нысанды алған кәсіпкер 10 жыл бойы жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуі қажет. Еске сала кетейік, мұнда  6 жыл бұрын 7 млрд теңге жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір жолаушылар Петропавлдан тек Алматы мен Нұр-Сұлтанға қатынай алады.

Мирхат Әбілмәжінов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әуежай пайда әкеліп жатқан жоқ. Керісінше шығынмен жұмыс істеп тұр. Ал оған мемлекет қаржы бөле алмайды. Сол себепті оны коммуналдық меншіктен жекенің қолына беру жөнінде шешім қабылданып отыр.