Оралдықтардың сүйікті орыны болған алаңның ажары кетті

Оралдағы ең көрікті жердің бірі болған алаң қазір аянышты күйде. Жайықтың сол жағалауы кейінгі жылдары мүлде абаттандырылмады. Тынығу орнындағы төсеніш тастар мен сатылар қирап жатыр. Аумақты күтіп ұстау жұмыстарына тұрғындардың көңілі толмайды.

Жайықтың сол жағалауындағы алаң қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған еді. Әсіресе кешқұрым адам қарасы көбейеді. Шаһарға келген туристер де осы жерге соқпай кетпейтін. Алайда қазір алаңның ажары қашып тұр. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл жерді құдды бір қызыл су шайып кеткендей. Айналасын қоршай орналасқан мынадай аласа қабырғалардың сыртқы қабаты түсіп жатыр. Ал сатылар мүжіліп біткен.

Арнұр Мақсотов, қала тұрғыны:

- Жайықтың сол жағалауының, жалпы жөндеу жұмыстарының жүргізілгені, тазалық жұмыстарының жүргізілгені, барлығы да қала тұрғындары үшін өте маңызды деп есептеймін. Сондықтан ең бірінші қалаға сенбілік жұмыстары жүргізілген кезде, басқа да жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде Жайықтың сол жағалауының назарға іліккенін қалаймыз.

Алаң 2013 жылы пайдалануға берілді. Құрылыстың кепілдік мерзімі бес жыл болған. Енді келісім күші жойылды. Әкімдік өкілдері алаңды бюджет есебінен жөндеуді жоспарлап отыр.

Миржан Шамуров, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Қазір өзіміз ағымдағы жөндеу мен қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз деп жоспарлануда. Ағымдағы жөндеу, оған ПСД керек емес. Бөлек тендер бар. Сол бүкіл қаладағы тынымбақ, алаң дейтіндерді қалыпқа келтіреді. Соның ішіне кіргізейін деп тұрмыз ғой Жайық жағалауын. 

Жауапты мамандар жағалауды жаңғырту жұмыстары биылдан қалмай атқарылатынын айтты. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...