Сібірдегі өрттен қашқан аңдар Павлодар облысына ауып келген

Ертіс қойнауында жабайы жануар мен құс саны артты. Орманшылар өңірде бұрын болмаған немесе сирек кездесетін қанаттылар пайда болғанын айтады. Ерекше қорғалатын аймақта аң аулауға тыйым салынған. Браконьерлер қатары да азайыпты.

Ал Сібірдегі өрттен қашқан жабайы аңдар Павлодар облысына ауып келген сыңайлы. Кейбірінің ормандағы тіршілікке зияны тиіп жатқан көрінеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Ертіс қойнауында су жайылып жатыр. Бұл нағыз жабайы құстардың ұя салып, балапан өрбітетін кезі. Бірақ орманшыларды олардың жауларының көбейгені алаңдатады. Соңғы кезде олар дәл осы төңіректен қабандарды, сусарларды, тіпті жанат тәріздес иттерді жиі кездестіріп жүргендерін айтады. 

Аң мен құстар көзге түсе бермейді. Әйтсе де, қарамағындағы аумақтарды шолуға шыққан орманшылар жануарлармен бетпе-бет кездесіп жатады. Өңірде жойылып кеткен құстар қайта оралған. Солардың бірі аққұтандар мен көкқұтандар. Бүгінде шағын көлдер құстардың сүйікті мекеніне айналған.

Аждар Жүсіпов, облыстық жануарлар әлемі және орманды қорғау басқармасының жетекшісі:

- Ресейде өрт болып жатыр. Содан болар біздің жаққа аққулар мен ақ және көкқұтандар көптеп ұшып келді.  Менің ойымша, еліктердің, қабандар мен сусарлардың саны да айтарлықтай өседі.

Ертіс өзенінің қос қапталындағы қалың орман жан-жануарларға толы. Жайылып жүрген еліктерді алыстан көзіміз шалды. Секемшіл жануарларды объективке түсіруге тырыстық. Ерекше қорғалатын аумақта аң аулауға тыйым салынған. Браконьерлерге ауқымды  айыппұл салынады. Содан болар, кейінгі жылдары ұсақ жыртқыштардың саны артыпты. 

– А так вот куница она разоряет гнёзда. Она практически в любое место может залезть. Высоко лазает она. Потом енотовидная собака, она тоже разоряет. По болотам ходит, разоряет тоже утиные гнёзда.

Қанат Бағжановтың қарамағындағы орман алқабында отыз шақты елік бар. Облыс бойынша Сібір еліктері  4 ауданда кездеседі. Олардың жалпы саны 400-ге жуықтапты. Орманшыларды биыл құндыздардың қаптап кеткені таңқалдырып отыр. 

Қанат Бағжанов, орманшы:

- Құндыздар өткел салу үшін ағаштарды құлатып жатыр. Құндыз ғана емес, қаракүзендердің де өсімі байқалады. Бәрінен де еліктердің көбейгені қуантады. Өзім бақылайтын  шағын аумақтан күнде көріп жүремін. Бұрын бірлі-жарым кездесетін. Қазір топ-тобымен жүреді.

Жануарлар әлемінде оң өзгеріс көп. Бірақ судағы тіршілік көңіл көншітпейді. Ертіске босатылатын судың көлемі жылдан жылға азайып барады. Егер шағын тоған-көлдер құрғап кетсе, ұсақ шабақтар ит-құстың жемтігіне айналады.

Қарлығаш  Қасиетова,  Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат