Павлодарлық ғалымдар дәстүрлі медицинаға ден қойған

Биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин дәрілік өсімдіктерді зерттеумен айналысып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешенді зерттеу нәтижесінде өсімдіктің жүздеген түрін тапты. Басым бөлігі «Баянауыл» ұлттық паркінің аумағында кездеседі. Өкініштісі медицинада бағалы өсімдіктердің әлеуеті толық  пайдаланылмай отыр. 

Виктор Камкин, биология ғылымдарының кандидаты:

– Біздің өңірде дәрілік өсімдіктерді алқаптарда өсіруге мүмкіндік мол. Шикізат пен өнім өз сұранысымызды өтей алады. Тіпті экспорттық нарыққа шығаруға да болады. Өсімдіктер кез келген ауруға қарсы тұра алады. Осылайша шетелдік препараттардан арыламыз. Пандемия кезінде қиналып қалдық қой.

Айдана Камарова – Торайғыров университетінің биологі. Жас маман докторлық диссертациясын дәрілік өсімдіктерді зерттеуге арнаған. Қазір жартасты күреңоттың  дәрілік қасиеттерін зерттеп жүр. Бұл өсімдік халық арасында «Иван шай» атауымен белгілі.

Айдана Камарова, Торайғыров университетінің докторанты:

– Бұл өсімдіктің биологиялық ерекшеліктерін зерттедік. Адамның иммунитетін көтеру, түрлі инфекцияларды алдын алуда көмегі зор. Әсіресе коронавирустың алдын алуға болады. Өсімдіктің жапырақтары мен сабақтарынан фито-шай әзірленеді. Ал өсіруде еш қиындық жоқ.

Аймағымызда дәрілік өсімдік қоры жеткілікті. Алтай өңірінде кездеспейтін түрлері де бар. Алайда бізде тәжірибе жеткіліксіз. Ғалымдар өсімдіктердің тиімділігін анықтау мақсатында  сынақ жүзінде 2,5 гектар жерге «иван шай», оралдық мия және тобылғы өсімдіктерін еккен. Зерттеу оң нәтиже көрсетті.

Виктор Камкин, биология ғылымдарының кандидаты:

Бұл өсімдіктердің емдік қасиеттері  күшті. Түсі, иісі мен түрі жағымды. Фито-шай түрінде ішуге болады. Құрамында улы заттар жоқ. Ғылыми зерттеу көрсеткендей, бұл өсімдіктер коронвирустық инфекцияны емдеуде тиімді. Сондықтан олардың полупяциясын арттырып, шикізат әзірлеу қажет.

Мамандардың айтуынша, Баянауыл өлкесіндегі өсімдіктерден фито-шайлардың ұлттық брендін жасауға болады. Бастапқы бағыт осы. Кейін дәрілік өсімдіктер шаруашылығын өндірістік деңгейге көтеруге болады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

Ертіс өңірінің флорасы дертке дауа болатын өсімдіктерге бай. Қазіргі уақытта облыс аумағында 200-ге жуық дәрілік өсімдік түрі кездеседі. Мамандарың айтуынша, олардың 50-ден астамы дәрілік заттарды жасауда қолданылады. Мәселен, қала аумағында көптеп өсетін қайыңның өзі дәрілік өсімдіктер қатарына жатады. Оның жапырақтарынан бүйрек ауруларына қарсы препараттар жасауға болады. Ал шырыны адам ағзасына аса пайдалы.

Дәрілік өсімдіктер шаруашылығы оң жолға қойылса, топырақ эррозиясы мен егістік алқаптардың құнарсыздануының алдын алуға болады. Сонымен қатар отандық туризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат