Түркістанда ескек есу каналына су жіберілді

Бүгінгі таңда каналдың табаны мен беткейлерін бетондау жұмыстары толық аяқталды. Су құбырлары да тартылып болды. Енді ескек есу базасына су жіберіліп, сынақтан өткізіліп жатыр. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, құрылыстың бірінші кезеңінің жұмысы біткен.

Айдын Майусов, мердігер компанияның өкілі:

– Қазіргі бірінші кезеңде су толтыру, суды дайындау жұмыстары. 50 күннің көлемінде су өз деңгейіне жетіп, 1,6 млн текше метр су жиналады. Кейін құрылғыларын қоямыз. Келесі жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ұзындығы - 2200 метр, ені – 270 метр. Бұндай ескек есу каналы соңғы жыдары ТМД елдерінің көлемінде еш жерде салынбаған.

Ал спорт кешен құрылысының екінші кезеңінде мұнда әкімшілік ғимараты, қонақүй, веложолақ, бассейн, қайық тұрақтары, аралды қосатын көпір мен басқа да нысандар бой көтереді. Мамандардың айтуынша, ескек есу каналы еліміздегі су спорты түрлерін дамытып қана қоймай, Түркістанда жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді.

Қанат Жолдықараев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бұл жерде жағажай волиболы мен футболы, ашық судағы жүзу, триатлон, желкенді спорт, ескек есу, каноэ сияқты спорт түрлері осы жерде жаттығу жасайды. Біздің бір каналдың өзі 7 спорттың түрін қамтиды. Бұнда ҚР чемпионатынан бастап, Әлем чемпионатын өткізуге болады.

Мамандардың пікірінше, су спорт кешені  – ауқымды жоба. Кешенге  су Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасынан әкімшілік-іскерлік орталығы арқылы салынып жатқан каналмен келеді. Олимпиадалық орталық сәулеттік көркімен ғана емес, қаланы көгалдандырып, туризмді дамытуға және өңірдің атмосферасын өзгертуге де мүмкіндік береді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш