Шымкентте заңсыз құрылыс тоқтатылады

Шымкенттегі мектеп стадионының жері жекенің меншігіне өтпейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылжар тұрғын алабының халқы спорттық алаңды сақтап қалу үшін бір жарым жыл бойы әділдік іздеді. Экономикалық сот ол жерде медициналық орталық салуды заңсыз деп тапты. Қала әкімдігі жерді әуелі Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өткізіп, кейін инвесторға сатқан. Бірақ тұрғындар бұл заңсыз құрылысқа қарсылық білдіріп, арнамызға бірнеше рет  шағымданды.  Жерді қазып тастаған құрылыс компаниясының үстінен құзырлы органдарға арызданды. Іске ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің мамандары да араласты. Олар жер заңнамасы өрескел бұзылғандығын анықтады. 

Серік Кәрім, қалалық экономикалық сотының үйлестіруші-соты:

– Қалалар мен елді мекендердің барлық аумағы бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес пайдаланылуы керек. Бұл бұзылды. Сондықтан сот ісі қанағаттандырылды. Сот жалдау алу-сату шартын және үлгілік жер учаскесінің уақытша жер пайдалану шартын жарамсыз деп таныды.