loader


БҚО-да бағана құлап, бірнеше ірі қара тоққа түсіп өлді

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында электр бағаналары құлап, бес сиырды тоқ ұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға Пятимар ауылдық округіне қарасты Қамыстыкөл қыстағының маңында болды. Өрістен қайтқан мал тұрғын үйден 20 метр жерде үзілген сымды басып кеткен. Мал иесі электр бағаналарының құлағалы тұрғанын мамандарға бірнеше рет айтқан. Тіпті бекітуге арналған материалды да дайындап қойған. Бірақ жауапты сала еш шара қолданбаған. Өлген малға өтемақы төлене ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Әкімдік мамандары акт жасап, өлекселерді көмді. Ауылда сәл жел тұрса, жарық жиі сөнеді. Сондықтан тозығы жеткен электр желілерін түгел ауыстыратын мезгіл жетті, дейді ашынған тұрғындар. Ал электр торабының басшылығы малға ие болыңдар деп отыр.

Айболат Бөкенов, Жаңақала ауданының тұрғыны:

– Бағанасы да шіріп тұр, сымы да шіріп тұрған нәрсе ғой енді. Соны қожайындары айтқан екен, осы бағанды ауыстырып бер деп. Тіпті ана бетон бағананы да әкеліп қойған. Оны жергілікті электр мекемесі ауыстырмаған ғой. Соның кінәсі. Енді өліп қалған 5 бас ірі қараны кім өтеп береді? Солар өтеп берсін. Солардың жұмысы ғой, салғырттығы. Енді обал ғой басқа бермесін енді, адам өлмей ананы түземейтін болып тұр ғой.

Бауыржан Биғалиев, Жаңақала аудандық электр торабының басшысы:

– Пятимар ауылдық округінің Борыққа баратын желіге дейін Байтал, Сағатерек деген қыстақтар бар. Соған баратын желі. Сол күндері қатты жел болды, жаңбыр болды. Соның салдарынан ескі тозығы жеткен желінің екі ағаш бағанасы құлады. Ол рас. Соның салдарынан 5 бас ірі қара мал токқа түсті. Мал бағылуы керек қой, мал бағылса ол токқа да ұрынбайды, соғылмайды да, каналға да түспейді.

Сондай-ақ...