Алматы облысындағы лай көшкініне құбырдың жарылуы себеп болған

Текелідегі лай көшкініне жауын ғана емес, құбырдың жарылуы да себеп болыпты, мамандардың болжамы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше тал түсте тау қопарылып, одан аққан лай жолындағысын жайпап, үйлерді басып қалған еді. Жұрт жан-жаққа қашып, жан сақтап үлгергенмен бір отбасының әлпештеп отырған бес жастағы қызы опат болды. Қаршадай баланың мүрдесін құтқарушылар кейін иттің көмегімен іздеп тапқан.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

Лай көшкінінің ұзындығы 50, ал ені 25 метрге жетті. Мамандардың есептеуінше, жотадан 4300 текше метрден асатын батпақ сырғып бес үйді басып қалған. Бүгін оқиға орнына жүзден аса сарбаз жеткізілді. Олар өзге де күштік құрылымдармен бірлесе тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Арнайы техника Амангелді Жидебаевтың да ауласын лай балшықтан тазартып жатыр. Екпінмен келген топырақ баспанасының бір жақ қабырғасын құлатқан. Өзі екі баласымен бірге терезеден шығып, әрең дегенде аман қалыпты.

Амангелді Жидебаев, қала тұрғыны:

– Жер дүрсіл-гүрсіл болып, көрішлер айқайлап терезесін қаққасын шықтық та. Қарасақ үйге келіп қалған екен. Үйге ұрғанда бірақ білдік. Терезеден шығарып балаларды. Айналып үйге келсек, мына үй жоқ.

Ал көрші үйдің иелері апат кезінде моншаға түсіп жатыпты.  Гүрілдеген дауыс пен жердің сілкінуінен сыртқа жүгіре шыққан олар баспанасының қирағанын байқаған. Ішінде Жанбота есімді қызы қалып қойғанын айтып, көпшілікті көмекке шақырғанымен оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бүлдіршіннің денесі кешке таман қызметтік иттің көмегімен табылды.

Батыр Молдахметов, Текелі қаласының әкімі:

– Жапа шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Олармен кезедестік жерлеу рәсіміне де жәрдем беретін боламыз. Әкімдік жағдайды толық бақылауға алды. Арнайы тексерістен кейін жаңа үй сатып әперу немесе қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Моноқалада лай көшкіні болуы мүмкін деген алты қауіпті аймақ бар. Мамандар қазір олардың қандай жағдайда тұрғанын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қаршадай қыздың өмірін қиған оқиғаның себеп салдарына қатысты да олар өз болжамын айтты. 

Мейрам Нұрымбетов «Қазселденқорғау» ММ аумақтық пайдалану басқармасының басшысы:

– Желі жарылған. Екі жылдай су аққан. Одан кейін оның үстіне жаңбыр жауған. Сол себепті опуливина өтті. Бүгінгі күннен әрі қарай біз тау етегіндегі үйлерді зерттеп шығамыз. Қауіпті үйлерді акиматқа жеткіземіз.

Баспанасы бүлінген отбасылар қазір туыстарының үйін паналап жүр. Табиғи апаттан келген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп сараптама жасайды. Соның қорытындысына сәйкес жапа шеккендерге көмек көрсетіледі. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов