Оралда арық жүйесі қашан дұрысталады?

Оралда да жауын өткен аптадан бері толассыз құйып тұр. Мұнда да қатынас қиындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей тұста су жүретін арықтар көміліп қалған. Себебі құрылыс технологиясы сақталмаған дейді тұрғындар. Бұл – қала орталығындағы Құрманғазы көшесі. Жаңбыр жауса болды, жолдың бойына шалшық жинала қалады. Бір аптадан бері дәл осылай шылқып жатыр.

Ақылбек Төреев, қала тұрғыны:

Жол салғанда технологиясын бұзып отыр. Көрмейсіз бе, арық биік те, анау асфальт төменде. Су асфальтта тұрады, ешқайда бармайды. Ал енді, жақсы бұл жазды күні. Ал егер наурыз айында болса, сол жолдың барлық проблемасы содан басталады. Әсіресе мына жаяу жүргіншілер жолында. Бүгін қайта жаңбыр кішкене ғой. Кеше күн ұзаққа жауғанда мына жерде су көп болды. Көп көшелерде солай.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

Ал бұл – орталық базар аумағы. Көшенің бойында сүт өнімдері, балық, жеміс-жидек сатылады. Ал қалдықтар осы арықтарға тасталған. Салдарынан арықтар бітеліп қалған. Ол уақытында тазартылмайды да.

Қоғам белсендісі Асқар Құсайынов әлеуметтік желі арқылы қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты өз ұсынысын білдіріп жүр. Соның ішінде арық жүйесін де жетілдірудің маңызына тоқталды.

Асқар Құсайынов, қоғам белсендісі:

Қаладағы арық жүйесі 40-50 жыл бұрын қазылған. Соңғы 30 жылда шаһар екі есе ұлғайды. Енді жаңа арық жүйесі қажет. Инфрақұрылым барлық шағын ауданды байланыстыруы тиіс. Ең бастысы арықтарды жол құрылысы жобаларына қосу керек. Сонда мәселені оңтайлы шешуге болады.

Қалада арық жүйесінің жалпы ұзындығы 120 шақырым шамасында. Алайда оның негізгі бөлігі – суды ұстап тұратын арналар. Ал жылғалардың ұзындығы небәрі 6 шақырымға жуық. Былтыр шаһарда бір көшеде ғана арық қазылған.

Миржан Шамуров, қалалық ТҮШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Былтыр 900 м арық жүйесі салынды Чапаев көшесіне. Ол Дәулеткерей көшесіне жалғастырылды. Биыл Карев көшесін, Комсомольская көшесін бір-біріне қосу жоспарлануда. Үлкен арықтар мен кіші арықтар бір-біріне қосылып, парк Кирова жаққа жетпей, бұрынғы полигон жақ қой, сол жаққа кетеді. Ағып кетеді бәрі.

Арықтардың бойымен аққан тонналаған суды сақтап қалатын ірі гидронысан салу жоспарланбаған. Әкімдік өкілі осылай дейді. Қоғам белсенділері тәжірибелі инженерлер-гидрологтардың көмегімен арық жүйесін оңтайландыру қажетін айтып отыр. Әйтпесе, табиғаттың тосын мінезінен тұтас қала зардап шегуі мүмкін.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

 

 

Сондай-ақ...