Қостанай облысында егістік алқапқа шегіртке қаптауы мүмкін

Шегірткенің қаптауы 10-12 жылда бір қайталанады. Сол мезгіл биылға келіп тұр –дейді мамандар. Олардың болжауынша Қостанай облысы бойынша 270 мың гектарға жуық егістікте шегіртке пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе оңтүстік аудандарда қауіп басым. Дән себуге кіріскен қостанайлық диқандардың үмітінен күдігі басым.

Мағауия Қалиев, тілші:

Мен қазір Кеңес дәуірі кезінде атағы алысқа тараған Козлов атындағы миллионер совхоздың егістік алқабында тұрмын. Бұл ауылдық округкке қарасты шаруашылықтардың жалпы егістік көлемі 150 мың гектарға жуық. Бұл Еуропадағы шағын мемлекеттің жер аумағы десе де болады. Осындай үлкен жерге ие шаруалар екі-үш жыл қатарынан құрғақшылық кесірінен жөнді өнім ала алмады. Биыл да олардың көңілі күпті.

Қырық жылдан астам егіншілікпен айналысып келе жатқан кәнігі диқан Сергей Третьяктің де көңілі алаң. Ылғал жабу, топырақ өңдеу сияқты агротехникалық шаралар өз денгейінде өткізілді. Тұқым, техникасы да сай. Алайда былтырғыдай аптап ыстық тағы тақырға отырғызып кете ме деген күдіктен арыла алмай жүр  Сондықтан да биыл егіс жұмыстарын әдеттегіден ерте бастаған.

Сергей Третьяк, шаруа қожалығының басшысы:

– Дән бас көтеретіндей топырақта ылғал бар, бірақ аз. Қар тығыз болмағандықтан, жерге онша сіңген жоқ. Сол себепті жағдайға қарай әрекет жасауға мәжбүрміз. Мысалы, биыл көктемгі егісті сәуірдің 24-нен бастап кеттік. Жартылай сеуіп қойдық, кім білген жазғы ауа-райының қалай боларын? 

Қалған жерге мамырдың ортасынан ауа соқа саламыз деп отыр. Сөйтіп әркім өзінше тәжірибе жасап жатқан жайы бар. Шаруа қожалығының дала қосынына да ат басын бұрдық. Бұл жерде еңбеккерлерге барлық жағдай жасалған екен.

Владимир Захаров, механизатор:

Қосалқы бөлшектерді тоқтамай жеткізіп тұрады. Тұрмыс жағдайымыз қаладағыдан кем емес. Өз моншамыз, спутникті теледидар бар. Бәрі тамаша.

Мұндағылар қазір шегіртке шабуылына да дайындалып жатыр. 10-12 жылда бір айналып келетін астық зиянкестерінің  жаппай таралуы дәл биылғы жылға тап келуі ықтимал, дейді мамандар. Оның ошақтары оңтүстік аудандарда байқала бастаған.

Евгений Ярошенко, Науырзым аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Орталық сараптама мамандары биыл шегірткенің болуы мүмкін екендігін айтады. Біздің аудан бойынша шамамен 20 мың гектар егістік жерге зиянкес жәндіктер жайылады деген жорамал бар.

Ал мамандар облыс бойынша 267 мың гектар алқапқа шегірткенің таралу қаупі бар дейді. Негізінен сол Жанкелдин ауданынан және Ақтөбе жақтан ұшып жете ме деген болжам жасалып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг