Жамбыл облысында табиғатты ластаған кәсіпорын айыппұл төлейді

Өңірдегі Бурное сүт өндіру компаниясына ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын өндірістен қалған суды арнайы тазарту жүйесі арқылы жіберудің орнына тікелей «Мұстафа» өзеніне ағызып келген. Бұл проблеманы қоғам белсенділері көтеріп, біздің арнаның жаңалықтарында бірнеше рет көрсетілді. Нәтижесінде экологтар назар аударып, жіті зерттеу жүргізілді. Кезінде 110 миллион теңгеге салынған тұрмыстық және өндірістік қалдық суды тазарту жүйесі мүлдем жұмыс істемейтіндігі дәлелденді. Мамандар өзеннен сынама алып, құрамынан қоршаған ортаны ластайтын 9 түрлі элемент анықтаған. Енді компания бұл кемшіліктерді 6 маусымға дейін жоймаса, іс сотқа өтеді.

Арсен Латыпов, облыстық экология департтаменті басшысының орынбасары:

– Анықталған кемшіліктер бойынша Бурное сүт компаниясы екі баппен жауапкершілікке тартылып отыр. Бұл 331 және 328-баптар. 5 миллион теңгедей айыппұл салынды. Айыппұлдың әлі екінші бөлігі төленбеді. Өз еркімен төлеу мерзімі өткен жоқ. Бұл жоспардан тыс тексеру болды. Ең бастысы проблеманы шешу бойынша ескерту берілді.