Түркиялық және қазақстандық дәрігерлердің ынтамақтастығы беки түспек

Елордада балалар хирургтерінің шеберлік сағаты өтіп жатыр. Онда Анадолы жерінен келген мамандар қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруды емдеу жолдары мен тың тәсілдерін көрсетіп, тәжірибе алмасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара барысында 9 жеткіншекке операция жасау да жоспарланған. Түркиялық дәрігерлер операция жасаған жеткіншектердің бірі – Диас Ақылбай. Қазір ол реанимацияда ем қабылдап жатыр. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған ананың көңілін шетелдік маманның өзі келіп басып, операцияның қалай өткенін баяндап берді.

Наурызгүл Масығұтова, ата-ана:

– Бауырында ет өскен. Оны УЗИ арқылы анықтадық Көкшетау қаласында. Сосын астанаға жолдама алып, осында келіп естідік мастер класс өтеді деп. Барлығы тегін, біздің мемлекетіміздің арқасы ғой. Осы ауруханада болады. Толқып тұрмын. Сөзге шешен едім, қазір енді айта алмай тұрмын. Алғыс айтқым келеді осы түрік ағайындастарымызға, мемлекетімізге.

Мамырдың 15-і күні басталған шеберлік сыныбы аясында Түркияның Ыстамбұл қаласынан келген дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруларды емдеудің тың әдісін үйретпек. Мәселен, күрделі операцияларды денені кеспей жасау тәсілі қолданылуда. Лапароскопиялық әдіспен бүгінде 5 балаға операция жасалыпты.

Гүлнәр Құлышева, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры:

Осы 2022 жыл балалар жылы деп жарияланды. Осы жылдың аясында біздің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы халықаралық осындай мастер классты ұйымдастырып, тақырыбы «Балалар хирургиясы» болып белгіленді. Себебі негізгі мақсаты Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас бүлдіршіндеріміздің қандай да ақауларға ота жасап, көмектесіп, оларды емдеп, әрі қарай жеткізу. Одан соң осы мамандарымыздың біріктіру.

Шеберлік сағаты барысында түркиялық дәрігерлер онлайн трансляция арқылы өз білген-түйгендерін баяндап, балаларға ота жасап, іс жүзінде де тәжірибелерімен бөлісті. Меймандар қазақстандық әріптестерден де біраз нәрсені үйренгендерін айтады.

Бурак Тандер, Аджибадем клиникасының балалар хирургы: /Түркия/

Қазақстанда нейрохирургияны дамытуда осындай тәжірибе алмасулар өте маңызды. Мұндай шеберлік сыныптарының барысында біз өз білгенімізді үйретсек, қазақстандық мамандар өз емдеу жолдарын бізге көрсетеді. Кейін жаңа әдістерді де ойлап табуға болады. Мәселен, Түркияда сирек, бірақ Қазақстанда көп кездесетін диагноздармен кең танысып, оны емдеу жолдарын үйрендім.

Жалпы осы жолғы шеберлік сағаты аясында 9 балаға ота жасау жоспарланған. Ал жыл соңына дейін осындай 4 халықаралық шеберлік сыныбы өтеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Риат Шони, Дархан Кунтуо