Қарағандыда техникалық маман тапшы

Қазір колледждерде техникалық бағытқа грант саны артып, сұранысқа ие мамандықтар ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім сапасының жоғары болуы оқытушыларға қойылып отырған басты талап. Сондықтан теориядан гөрі практикалық білімге басымдық беріліп, студенттер кәсіпорындарға жіберіледі.,  Мысалы Қарағанды агротехникалық колледж студенттері еліктеу стимуляторы арқылы виртуалды түрде техникаға толық байқау жүргізіп, жөндеуді үйренетін болады. 

Елдос Ыбырайым, Агротехникалық колледждің өндірістік оқыту шебері:

Бұл Нидерланды мемлекетінен бастау алған бағдарлама болып саналады. Қазақстан бойынша колледждерге енді-енді енгізіліп келе жатыр. Мұнда кез-келген 3,5 мыңға жуық техникалық модуль бар оқыту бағдарламасына байланысты тақырыптар таңдалып, студенттер электронды тұрғыда білім алады.

Бүгін Қарағандыда жұмыс берушілермен кадр даярлаушылар бір алаңда бас қосты. Мақсат экономиканың барлық саласында қызмет ететін мамандарды даярлаудағы өзекті проблемаларды ортаға салу.

Құралай Әбенова, облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы:

Бүгінгі күні облыста 11 мыңға жуық техникалық маманға сұраныс бар. Сондықтан қос тараптың арасында тиісті диалог болғаны дұрыс деп таптық. Осында келген 300- ге жуық жұмыс беруші маман даярлауда өз ұсыныстарын айтатын болады. Нәтижесінде үлкен жол картасы жасақталып, техникалық мамандарды дайындау бойынша тың әзірлеме дайындаймыз.

Атап өткен жөн, Қарағандыда жыл сайын 14 мыңға жуық оқушы техникалық мамандықты таңдайды. Мемлекеттік тапсырыс ретінде оларға 9 мыңға жуық грант бөлінген. 2025-ші жылға қарай колледждерде техникалық білім беруді 100 % грантпен қамту жоспарланып отыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар