Павлодардың бұрынғы әкімі жерді мақсатты пайдалануға заңсыз өзгеріс енгізген

Павлодарда  соттың шешімімен құрылысы  уақытша тоқатылған екі үйге қатысты жер қатынастары бөлімі жер-кадастрлық құжаттарын талап етті.  

Олар жер телімін мақсатты пайдалануды өзгертуге қатысты коммуналдық қызметтердің келісімі қай уақытта берілгенін анықтамақ.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда облыс орталығындағы 30-шағын ауданның тұрғындары су желілері мен кәріз құбырының үстіне салынып жатқан екі бірдей көп қабатты үйдің құрылысына қарсы шыққан еді. Тұрғын үйлердің құрылысы былтыр басталған. Мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылау бөлімінің инспекторлары заңсыз құрылыс жүргізгендерді әкімшілік жауапкершілікке де тартты. Жалпы техникалық талаптарға сәйкес санитарлық–қорғау аумағынан радиусы 50 метр жерге  ешқандай нысан салуға болмайды. Ал Павлодар қаласының бұрынғы әкімі коммуналдық қызметтердің келісіміне қарамай жерді мақсатты пайдалануға өзгерісті қалай енгізіп жібергені белгісіз. Енді мамандар зерттеу жүргізеді.  

Сапарбек Айтпаев, қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының м.а.:

- Автотұрақ үшін берілген жерді мақсатты пайдалануға 2021 жылы өзгерістер енгізіліп, көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталған. Біз бұл келісімді анықтау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» жер-кадастр кітабын талап етеміз. Қосымша ақпарат берілетін болады. Аталған құжатқа коммуналдық қызметтер мен жер комиссиясы келісім беруі керек. Осы келісімдер бар-жоғын анықтаймыз. Сондықтан мәселе әрі қарай зерттеледі.