Қарағанды облысында мердігер сапасыз жолды жөндеуге асығар емес

"Өзге емес өзім айтам өз жайымда". Қазақтың әйгілі ақыны Қасым Аманжоловтың ауылына жету қиын. Қарқаралыдан шығатын 33 шақырым қашықтық жеткізбейді-ақ.

Бұл аралықтағы жол осыдан екі жыл бұрын ғана салынған. Қазір шұрық-тесік. Әу баста аударып төңкеріп бетін ғана жылтыратып кеткен жолды ретке келтіруге тиіс мердігер асығар емес. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Осыдан небәрі бір жарым жыл бұрын ғана жөнделген жолдың бүгінгі сиқы осы. Төселген асфальт түгел міне жарылып жатыр. Тұрғындар шұрық-тесік жолдан әбден шаршағандарын айтады.

Қарқаралы қаласы мен Қасым ауылының арасындағы небәрі 33 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен 818 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда осыншама ақшаның желге ұшқаны ауыл жұртын алаңдатып отыр. Жарты жыл өтпей жатып сапасы сыр берген. Себебі әу баста технологиясы дұрыс сақталмады, дейді олар. 

Жаңабек Қарсыбекұлы, Қасым ауылының тұрғыны:

- Анау Қарағандыдан әкеледі асфальтты. Асфальт мұнда келгенше кеуіп, қатып қалады. Соны салады. Сонда қандай сапа болады одан. Міне бір жылға жеткен жоқ.

Аслан Жақанов, Қасым ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы асфальтты қайта қопарып, астына қайта жайғызды. Соның үстінен алды да таптап мына асфальтті себе салды. Соның нәтижесі осыған келіп тұр ғой.

Ең сорақысы, тапсырыс беруші тарап сапасыз жолды қабылдап жіберген. Әйтеуір көңілге медеу болатыны әлі кепілдік мерзімі бар. Енді сол арқылы олқылықтарды қалпына келтіруге міндеттейміз, - дейді жауапты мамандар.

Қайырбек Түсіпов, ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жол қабылданды қазір. Алайда қолдану кезінде ақаулардың анықталуына байланысты мердігерді сотқа бердік. Сол бойынша өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады 1 маусымнан бастап.

Ануар Шәкәрімов, Қасым ауылының тұрғыны:

- Жамағанмен мәселе шешілмейді. Өйткені оның основаниесі жоқ болғаннан кейін үстінен қанша, мейлі 30 сантиметр асфальт салсаңыз да тұрмайды. Мұны әбден зерттеп, технологиясымен, дефектовкасын жасап, астына щебень төсеп дұрыстап жасау керек қой. 

Тұрғындардың айтуынша, асфальттың астына қиыршық тас салынбаған. Ескі жолды қырып, топырақтың үстіне төсей салыпты. Құрылыс барысында оны мердігерге сан мәрте ескерткен, бірақ нәтиже жоқ. Енді зардабын тартып отыр. Егер миллиондаған қаражаттың сұрауы болса, асфальт түгелдей қайта төселсін, дейді ауыл азаматтары. Себебі биыл жолдың кепілдік мерзімі аяқталады.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар