Жолдың жағдайына өңір әкімдері тікелей жауапты – Смайылов

Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деді. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті жолдардың 85%-ін қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Бұл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асады. 4,3 мың шақырым автожолды қайта жаңғыртумен қатар жаңа жолдар да салынады. Осы жол бойындағы мыңнан астам қызмет көрсету нысанын да стандартқа сай етеміз. Дегенмен, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов атқарылып жатқан істер болғанымен жолдардың көбінің сапасы сын көтермейтінін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Олардың ең негізгісі жолдардың, әсіресе жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында. Мемлекет басшысы жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді.

Жем-жөп екі есеге аз дайындалады 

Үкімет отырысында мал шаруашылығы да сөз болды. Елдегі ауыл шаруашылығының 42 проценті мал өсіруге тиесілі. Қазақстанға негізінен құс еті, шұжық, сүт және сүт өнімдері импортталады. Үкімет алдындағы ендігі міндет жергілікті өндірушілерді қолдап, нарықты толық отандық өніммен қамту. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан екі есе аз дайындалады. Жем-шөп жетпеген соң оның бағасы да қымбаттай береді. Сондай-ақ құрғақшылық, жайылымдардың тозуы сияқты табиғи климаттық жағдайларды ескеру қажет. Осыған орай АШМ әкімдіктермен бірлесіп, жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғырту қажет.