Павлодарда элиталы үй тұрғызбақ болған кәсіпкерлердің басы дауға қалды

Павлодардың қақ ортасынан элиталық үй тұрғызбақ болған кәсіпкерлердің басы дауға қалды. Нысан жобасы коммуналдық қызмет көрсету орындарының рұқсатынсыз жасалған.

Яғни бастапқыда көлік тұрағы болған аумақтың кейін пайдалану мақсаты өзгертіліп, жер телімі көпқабатты үйдің құрылысына рәсімделген. Сөйтіп жер-кадастрлық құжатта коммуналдық қызметтердің келісімі болмай шықты. Сондықтан комиссия отырысында барлық құжат Жер ресурстарын пайдалану департаментіне тапсырылды. Жауапты мекеме енді қала әкімі қабылдаған қаулының заңдылығын анықтайды. Тексеру қорытындысы екі аптадан кейін белгілі болады. Егер өрескел заң бұзушылық анықталса, қала әкімінің қаулысы күшін жояды.

Сапарбек Айтпаев, қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының м. а.:

- Жер ресурстарын пайдалану Комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Павлодар су арнасы» ЖШС-нен жер телімін пайдалану мақсатының өзгеруіне байланысты түскен шағымына сай тексеруді бастайды. Егер заңбұзушылық жағдайлары анықталса, тиісті шаралар қолданылады.

Мамандардың айтуынша, Жер комиссиясы инженерлік желілерді көшіруге рұқсатты тиісті техникалық құжаттарсыз берген болуы мүмкін. Осы Павлодар қаласында бұған дейін де санитарлық-қорғау аймағында екі тұрғын үй салына бастаған еді. Жергілікті тұрғындар оған қарсы шығып, сот шешімі бойынша құрылыс тоқтаған. Өйткені бүтіндей бір шағын аудандағы көпқабатты үйлерден шығатын сарқынды кәріз сулары мен су жүретін құбырлар жаңадан салынатын үйлердің астынан өтеді. Ертең осы іс бойынша кезекті сот отырысы өтеді. Мәселе тілшілеріміздің назарында.