Қарағанды тұрғындары жаңа құрылысқа қарсы  

Қарағанды қаласының тұрғындары жаңадан салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысына қарсы шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халық онсыз да екі көлік қатар өте алмайтын жерде енді 50 пәтерлі үй бой көтерсе, тіпті жеріміз тарылып, аула кептеліске айналады деп қауіптенеді. Алайда ескі мейрамхананың орнын сатып алып, үй салмақ болған құрылыс компаниясы өкілдерінің де өз уәжі бар. Ал тұрғындардың үй маңына іргетас құйыла бастағаннан мазасы қашқан. Себебі ғимараттың төл құжатында 9 қабатты үй салынады дегенді көрген халық өзіміз әзер сыйып жүргенде енді тағы 50 отбасы тұратын үйдің құрылысы заңсыз дейді. Осында 20 жылдай тұрып келе жатқан Жандарбек Туғанбеков жаңа үй бой көтерсе, көлік нөпірі көбейіп, ауладағы балаларға қауіп төнеді деп алаңдайды.

Жандарбек Туғанбеков, қала тұрғыны:

Мында мына жолдан үлкен машина жүрсе, жолды быт-шыт қылады. Оның үстіне біздің балалар мен немерелер мына жерден қалай шығып, қалай жүреді? Жеңіс Қасымбек «тоқтатыңдар» деп бұйрық берді. Оған қарамай мыналар әлі жалғастырып жатыр.

Ал құрылыс компаниясы өкілдері болса, ескі мейрамхананың орнын сатып алған кезде жерді пайдалану мақсаты айқын болған деп отыр. Оның үстіне сараптамалық отырыста комиссия мүшелерінің барлығы үйді салуға қарсы болмаған. Себебі аулаға кіріп шығатын жаңа жол салынатын көрінеді.

Қайрат Қалиев, құрылыс компаниясының өкілі:

– Біз мына жер учаскені алған кезде бізге кісілермен келісіп қажет болған жоқ. Себебі сатып алған кезде мақсаты осындай болды. Әкімдіктен мемлекеттің сараптамадан өттік, толық тиісті рұқсат алдық. ГАСК талонды жіберіп, рұқсат алып, құрылысты бастадық.

Әкімдік мамандары болса, аталған жобаның құрылысына рұқсат бергендерін растап отыр. Тек тұрғындардың толасыз шағымынан кейін компания өкілдерімен жаңа келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Қуат Бектемісов, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы

– Тұрғындардың облыс әкіміне айтқан шағымынан кейін аталған нысанды 5 қабатқа дейін қысқартып, балалар алаңынан салу бойынша құрылыс компаниясына ұсыныс жасалған. Дәл қазіргі сәтте олар ешбір жауап берген жоқ. Бірақ осы аптаның соңында тағы кездесіп мәселені талықлайтын боламыз.

Атап өткен жөн, салынып жатқан үй 2 кіреберісі бар 9 қабатты, 50 пәтерлі болады деп жоспарланған. Қазір үй құрылысы басталып кеткен. Пайдалануға келер жылы сәуір-мамыр айларында беріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков,Зарина Зұлпхар.