Шымкентте конго-қырым безгегі анықталды

Шымкентте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен бір науқас жан-сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны бір апта бойы үй жағдайында емделіп, кейін Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр, дейді. Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам оқшауланып, бақылауға алынды. Оның тоғызы медицина қызметкері. Шымкент қаласы конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз аймақ. Өткен жылы дерттің екі жағдайы тіркелді. Ал биыл кене шағып, медициналық көмекке 284 адам қаралған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үш есеге көп.

Айгүл Тұрымбетова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Қан кету болған, температурасы жоғары болған. Әлсізді және денесінде қан ұю дақтары болған. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы өте ауыр. Қарым-қатынаста болған адамдарға алдынла дәрі-дәрмек беріп, медициналық бақылауда болады. Температуралары тексеріліп күнде.