2025 жылға дейін 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарланған

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2021 жылы 12 елді мекендерде дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Биыл тағы 20 нысан, 2023 жылы 37 объектіні ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы жоспарланған.

«Барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізіліп, сол бойынша осы жылдары медициналық техника сатып алу мәселелері қарастырылды. Осы орайда жергілікті органдардың, соның ішіне денсаулық сақтау басқармаларының сұрауы бойынша барлық ауруханалар керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көп бейінді клиника салынуда. Келесі жылдың басында тапсырылады. Бұл орталықтарда халықаралық талаптарды ескере отырып, сапа стандарттары енгізілді», – деді ДСМ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.