Алматыда дертке шалдыққан балалар үшін қайырымдылық шарасы өтті

Жыл сайын 18 мамыр «Қайырымды жүрек» күніне орай «Тiens-Қазақстан» компаниясы еліміздегі сал мен аутизм дертіне шалдыққан балаларды сауықтыруға белсенді атсалысып, демеушілік көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай сауапты іс Алматыдағы «Милосердие» қайырымдылық қорының кеңсесінде өткізілді. Бұл қайырымдылық қордың ғимаратында сал боп туған және аутизммен күресіп жүрген балаларға медициналық әрі психологиялық көмек көрсетіледі. Мұнда баланы оңалту мен сауықтыруға арналған кешенді бағдалама бар. Сауапты іске «Тiens-Қазақстан» компаниясы жыл сайын қолдау жасап, балалар мен олардың ата-аналарына мереке ұйымдастырады.

Мәдина Кенжеқұлова, ата-ана:

– Ата-аналар көп жұмыс жасайды. Таңертеңнен кешке дейін күніне 24 сағат деп айтсақ болады баланың бетін бері қаратып, жағымды эмоциясын баланың, күтіп алудың өзі үлкен ата-аналарға жұмыс. Ал осындай іс-шараларда көрінеді бала ойынға қосылып, басқа балалармен ойнап, адамдармен қарым-қатынасқа түскенде жұмыс нәтижесі содан көрінеді.

Бекмұрат Жұмәділов, компания жетекшісі:

– Біз осы «Милосердие» аутизмд жеңеміз бағдарламасы қайырымдылық қорымен үнемі байланыстамыз. Көмек көрсетіп тұрамыз. Әрне балаларға денсаулық тілейміз, ата-аналарына сабырлық тілейміз. Өйткені бұл өте күрделі мәселе. Сондықтан компания әрдайым қайырымдылық қорымен айналысып, көмектерін жасап отырады қолдан келгенше.

Жалпы бұл орталықта 160 бала оңалтудан өтеді.«Тiens-Қазақстан» компаниясының демеушілігімен әзірленген бағдарламада балалар түрлі ойындарға қатысып, ән айтып, биледі. «Мақсатымыз – дерт дендеген балаларды мейрім құшағына алып, әлеуметтік ортаға бейімдеу», – дейді қайырымды жандар.

Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

– Бұл компаниямен бұрыннан тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Олар біздің жобаны үнемі қолдайды. Серіктесіміздің арқасында ниеті ізгі жандардың басы бірігіп, сауапты іспен айналысып жатырмыз. Соның арқасында балалар аутизммен күресіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жатқаны қуантады.

Қуаныш пен шаттыққа толы іс-шарада әр балаға ойыншық сыйға тартылды. Бұдан бөлек «Тiens-Қазақстан» компаниясы балаларды сауықтыру үшін қаржылай қолдау көрсетті.

Авторлары: Алмас Садуқас, Нұрдәулет Жақсыбаев