Қазақстандықтардың 66,4%-і референдумға қатысады – сауалнама нәтижесі

Ел арасында жүргізілген сауалнама осындай нәтиже көрсеткен. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сауалнаманы телефон арқылы мамырдың 9-ы мен 12-сі аралығында жүргізген. Оған барлық  өңірден 1 мың 200 респондент қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетерлігі, заңға сәйкес халықтың жартысынан астамы қатысса, референдум өткен болып есептеледі.

Еркін Тұқымов, Қазақстанның стратегиялық зерттеулері институтының директоры:

Жалпы жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 70%-і аталған шараның өткізілетінінен хабардар. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 76,4% Қазақстан Президентінің референдум туралы бастамасын қолдайтынын білдірді. Яғни, халықтың басым көпшілігі референдумның маңызын түсінген. Ал референдум өткізу идеясын қолдамайтындардың үлесі небәрі 15,4% қана. Қалған 8% әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Республикалық референдумды өткізуге ел қазынасынан 16,4 млрд қаржы қарастырылған. Оның негізгі бөлігі, яғни 80%-ке жуығы қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Бұл шамамен 13 млрд-тан астам қаржы. Қаражаттың қалған 21%-і үгіт-насихат жұмыстарына және сайлау учаскелерін жабдықтау үшін жаратылады. Ұйымдастыру ісіне жұмылатын жұмыскерлердің орташа айлығы 275 мың теңгеден жоғары болмақ.

Жалпы референдумды ұйымдастыруға 71 мыңнан астам маман атсалысады.

Айта кетейік, шамамен 12 млн қазақстандық дауыс беру құқығына ие. Жалпыхалықтық дауыс беру үшін 10 мыңнан астам арнайы учаске ашылмақ. Олар таңғы сағат жетіден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді.