Ұлытауда этноауыл ашылды

Ұлытаудың баурайындағы Жошы хан тарихи-мәдени кешені аумағынан «Алаш» деп аталатын этноауыл ашылды. Жағалай тігілген ақшаңқан үйлер ұлттық сипатымызды алыстан аңғартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал киіз үйдің ішкі жабдықтары көздің жауын алады. Өнерлі өрендер күмберлете күй төгіп, қонақтардың көңіл-күйін көтереді. Мұнда ұлттық ойындарымызды насихаттап, атқа міну мәдениетін дәріптеуге барынша басымдық берілген. Тұлпарды тізгіндеп, тауда серуен құруға болады.

Сондай-ақ туристер арнайы жасақталған орында садақ тартып, мергендік қабілетін сынай алады. Ал жастар алтыбақанда тербеліп, асық ойнайды. Қазір этноауылға келетіндердің қатары күн санап артып келе жатыр, - дейді ұйымдастырушылар. Тіпті, жақында сонау Моңғолия мен Канада елінен жиһанкездер жеткен. Мұнда олар Жошы хан тарихи-мәдени кешеніне барып, тарихи деректерге қаныға алады.

Бектұрсын Әйтентегі, этноауыл басқарушысы:

Елге, халыққа ұлттық салт-дәстүрімізді, тірлігімізді насихаттау барысында ашылған этноауылымыз. Аллаға шүкір қазір халықтың, демалушы азаматтардың келуі жақсы, шет елден де. Алла қаласа болашақта көгалдандыру жұмысы, жас шыбықтар егу, тағы да атқаратын шаруамыз көп.