Ақмола облысы Көктерек ауылындағы мектеп жабылудың алдында тұр

Елді мекенді сақтап қалудың жалғыз жолы – мектептегі бала санын көбейту. Себебі, білім ошағы – ауылымыздың жүрегі - дейді, тұрғындар, «Хабар 24».

Мұндағы оқушылар болса, нысанның жобалық қуаттылығынан қазір екі есеге аз, деп хабарлайды.

Қарлығаш Маннанова, Көктерек негізгі орта мектебінің директоры:

Мектеп 60 оқушыға арналған. Алайда, қазір 27 бала ғана оқып жатыр. Әрі бұл сан жыл өткен сайын кеміп барады. Мәселен, алдыңғы жылы бізде 31 бала болса, былтыр 29 оқушы білім алды. Қазір әр сыныпта 3-4 баладан ғана бар. Биыл 9-сыныпты 2 оқушы бітіреді. Сөйтіп келесі жылы 25 бала ғана қалады.

Ал, оқушылардың қатарын толықтыратын ауылда мектеп жасындағы басқа бала жоқтың қасы. Себебі, жастардың көбі қалаға көшіп кеткен. Қалғандары тек ересектер мен қариялар ғана. Ауылдың болашағын уайымдаған үлкендер жағы, қазір осы мәселемен бас қатырып жүр.

Жәрия Хамзина, Көктерек ауылының тұрғыны:

Мынау мектебімізді жаппаса екен дейміз. Мектеп жабылса, ауыл да жабылады ғой. Осы елге тұрғындар келсе екен дейміз. Бала-шаға болса екен дейміз. Қанша үйлер бар, міне. Бос үйлер тұр. Соларға кісілер келіп тұрса, жақсы болар еді. Ауа райымыз, табиғатымыз жақсы жер.

Ал, ауылымызға көшіп келетін көпбалалы отбасыларды құшақ жая қарсы алып, қолдан келген көмегімізді аямаймыз, - дейді, жергілікті тұрғындар. Айтуларынша бос тұрған 10 шақты үй бар, жұмыс та табылады.

Сәбира Шуматова, Көктерек ауылының тұрғыны:

Жұмыс бойынша айтсақ, міне, енді бізде ең бірінші үлкен. Осы елде көп азаматтарға жұмыс беріп жатыр. Олардың да жұмысшылары бар. Осы елдің азаматтары осында бәрі бірге қызмет істейді. Мал шаруашылығымен.

Ал, мұндағы сатылатын үйлердің бағасы жағдайына қарай 500 мың теңгеден басталып, 1 жарым, 2 млн теңгеге дейін жетеді. Айта кетейін, ауылдың туристік әлеуеті де зор. Елді мекен қыраттың етегі мен қайыңды орманның баурайында орналасқан. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде аймақта мектебі жабылып, халқының азаюы себепті 30 шақты ауыл картадан жойылып кетті. Көктеректің де тұрғындары осыған қатты алаңдаулы.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный