Петропавлда жол мәселесі шешілмей тұр

Ойқы-шойқы жол. Бұл – қаланың шеті емес, қақ ортасы. Былтыр Евней Бөкетов көшесінің нөсерлік кәріз жүйесі ауыстырылып, жаңа жылға дейін жабық тұрған. Ал, 3 апта бұрын екі жағына тағы да бетон бөгеттер қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Құрылыс маусымы басталғанымен бұл жерде қайнап жатқан жұмыс жоқ. Міне, былтыр қопарылған жер сол күйі тегістелмеген. Құбырлар да жай жатыр.

Оның зардабын кәсіпкерлер тартып отыр. Бұл көшенің бойында бірнеше дәмхана, гүл дүкені мен басқа да нысандар орналасқан. Мысалы, Магамед Валиевтің тамақтану орнына жол жабылғалы бері ешкім келмейді.

Магамед Валиев, кәсіпкер:

Басында өткен жылы бастаймыз деді. Екі аптаның ішінде бітіреміз деген. Екі аптаның ішінде бітіре алмай, үш ай болды. Декабрьдің соңында бітіп, жолдарды ашып қойды. Одан кейін осы жылы бітіреміз деп, екі аптаға жабамыз деді. 3 апта өтті до сих пор жұмыс жоқ.

Мағжан Жұмабаев көшесінде де осындай жағдай. Қазір жаяу жүргіншілер жолын 3 – 4 жұмысшы ғана істеп жүр. Ал, жолдың өзі шұрық – тесік. Тіпті, ортасынан ойылып қалған.

Николай Кубряков, қала тұрғыны:

Мүлдем ешкім жоқ. Бүгін ғана біреулер келіп бірдеңе істеп жатыр. Жол ойылып қалған. Көлігіміз бұзылады.

Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл – екі жылдық жобалар. Әзірге, олар Мағжан Жұмабаев көшесін жөндеп жатқан серіктестікті сотқа берді. Ал, Бөкетов бойынша жобалаушылар кінәлі болып шықты.  

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

Жобаны дұрыс жасамағаны үшін біздің тараптан әкімдік тарапынан оларға бірнеше рет притензионный письмо жолданған болатын. Бірақ уақыты бітпегеннен кейін жаңағы жобаның әзірге біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Жалпы жұмыстар биылғы жылдың биылғы жылы бітеді деп жоспарланып отыр.

Қазір қалада тағы бір көше жабылды. Бірақ жұмыс істеп жатқандар саусақпен санарлық. Ал, жүргізушілер кептелістен көз ашпайды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев