ШҚО-да диқандар неге алаңдаулы

Шаруалардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені биыл қыста аймаққа қар жылдағыдан аз түсті. Енді ылғал да аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азамат Қасым, тілші:

–Өңірде егістік жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Ал қазіргі уақытта шаруаларды алаңдатып отырғаны – ылғалдың төмендігі. Өйткені, бір айдан бері жаңбыр жаумаған. Кейбір жерлер 5-10 сантиметрге дейін құрғап кеткен.

Анатолий Качаров, шаруа қожалығының технологы:

–Егістік жұмыстарын уақытында бастадық. Бірақ жерде ылғал аз болды. Сондықтан ылғалды өзіміз сақтауға тырыстық. Жаңбыр жауса жақсы болар еді. Егер жауын болмаса бидай дұрыс піспейді. Астық жинау науқаны кешеуілдеуі мүмкін.

Осыған алаңдаған диқандар қазірден қам жасай бастаған. Глубокое ауданында бидай, арпа, қарақұмық пен күнбағыс өсірумен айналысатын шаруа қожалығы жаңа технологияны енгізіпті. Сұйық тыңайтқыш жерді құрғап кетуден сақтайды.     

Тарбиз Фараджев, шаруа қожалығының басшысы:

–Бұл тыңайтқышты құрғақ күйінде салмаймыз. Арнайы сатып әкелген инжектордың көмегімен топыраққа орналастырамыз. Сонда буланбайды. Мұның тиімділігі өте жоғары.    

Жалпы, биыл өңірде 1 млн 393 мың гектар алқапқа дән егу жоспарланған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық.  Биыл егіс алқаптары ғана емес, диқандарға берілетін субсидия көлемі де ұлғайған.  

Диляра Жылқайдарова, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

–Енді биылғы егіс алқаптарын жүргізуге субсидия ретінде жергілікті бюджеттен 6 миллиард теңге көлемінде ақша бөлініп отыр. Оның екі миллиарды тұқым шаруашылығына, екі жарым миллиарды минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, 1 жарым миллиарды гербицидтерді сатып алуға бөлініп отыр.

Ал облыс шаруаларына көктемгі егіс үшін 33 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылыпты.     

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин