Бірқатар өңірде жаңа кен көздерін іздеу басталды

Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Риддер, Хромтау қалаларының маңында жаңа кен көздерін іздеу жұмыстары басталды.

Бұл жайында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті төрағасы Талғат Сатиев мәлімдеді. 12 жаңа учаскеде сирек кездесетін металдарды анықтау бойынша жұмыстар қолға алынады. Бүгінде мемлекеттің балансында 8711 пайдалы қазбалар кен орыны бар. Оның ішінде 317 көмірсутекті, 910 қатты пайдалы қазбалар кен орындары, көп кездесетіні 3160-тан асады, жерасты суларының 4324 кен орыны анықталған. Жалпы 25 жылда салаға 73 трлн теңге инвестиция тартылса, оның 70 проценті мұнай-газ саласына, 27 проценті тау-кен секторына бағытталған. Геологиялық барлау жұмыстарына 4 трлн теңге инвестиция салынған.

Талғат Сатиев, ҚР ЭГТРМ геология комитетінің төрағасы:

- Қазақстанда жаңа кен орындарын ашуға айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Мәселен, алтын-кен орындарын Ақмола, Қостанай облыстары аумағында, сондай-ақ еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарында ашуға перспектива бар. Қорғасын, мырыш кен орындары орталық, оңтүстік Қазақстан, кенді Алтай және Ресей, Қытаймен шекаралас аймақтарда ашылуы мүмкін. Басқа да металл түрлерінің жаңа орындарын табу мүмкіндіктеріміз бар.