Қызылорда облысында малдың өрісі тарылып барады

Бірді-екілі қарасынан шай-пұлын айырып отырған ағайын не амал қыларын білмей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайылым жоқ емес бар. Бірақ кейін Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағын ауылдың іргесіне дейін созып тастаған. Ал аяқты мал жүрмей тұрмайды. Оған да әкіреңдейтіндер көп. 17 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе бұл. Бірақ еститін құлақ жоқ.

Қаратерең – Арал ауданындағы ең шалғай елді мекендердің бірі. 300 түтіні бар 2 мыңдай халық тұрады. Төрт түліктің саны 4 мыңнан асқан. Алайда мал жайылымы тарлық етіп тұр. 2006 жылы Барсакелмес табиға қорығының жері 10 есеге дейін кеңейгелі осы мәселеге тап болдық, дейді ауылдықтар.

Мінәжат Биманов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

– Осыдан 20-30 шақырым жерде Қасқақұлан деген жер бар. Скважина ағып тұр, басында науа бар. Ол неге біздің жерімізге құмар болып жатқанын, қамыстың арасына неге әкеліп жатқанын таңымыз бар. Сұрағымызға ешкім жауап бермейді. Парламенттен келді депутаттар, облыстан келді. Барлығына сұрағымызды айттық.

Шынәлі Әлжанов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

Ақшоқат деген дарияның аяғында жер бар еді, оның бәрін Барсакелмес алып қойды. Ол жерге малыңды іздеп бара алмайсың. Қорықтың заңдылығы бар. Оның ішіне заңсыз кіруге болмайтын. Отын-су алайын десең, ол тағы бәле.

Нұрлан Жақыпбеков,тілші:

Ауылдан небәрі 2 шақырым шыққаннан кейін Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағы басталады. Бұл жерге тұрғындар мал жайып, отын шаппақ түгілі, ата-бабамыз жатқан бейітке бару үшін 200 шақырым жердегі аудан орталығына барып рұқсат алуымыз керек деп налып отыр.

Шенеуніктер жер мәселесіне қатысты ауылдықтармен ақылдаспай-ақ шешім шығара береді. Ауыл маңындағы азғантай шабындықты кәсіпкерлерге бөліп беруі осы сөзіміздің дәлелі, – дейді қаратереңдіктер.

Ғарифолла Еңсегенов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

– 4 шақырым жер, мына шеті 3 шақырым кәсіпкерлер алды. Енді кәсіпкерлер алғанменен шөбімізді қолбарақпен орып алады. Жайылым деп алып, пресс қылып сатып мына халыққа, сол малдың жайылатын жері қалмай тұр.

Қаратерең секілді жер аумағы кеңейтілуі тиіс ауданда бірнеше елді мекен бар екен. Аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынғанын айтады.

Серік Сермағанбетов, Арал ауданының әкімі:

– Талаптарға сәйкес елді мекендерден 5 км қашықтықта ешқандай шаруашылыққа берілмеу жағын қарастырып жатырмыз. Тек тұрғындардың малдарын жайылу мәселесін қарастырып. Алдағы уақытта шекарасын кеңейткен жағдайда біз қазір сұраныс беріп қойдық Барсакелмес қорыққа. Сол аймақты Қаратереңнің шекарасына кіргізуге.

Хамит Қаниев, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры:

– Осы уақытқа дейін бір адамға шара қолданылды, негізінде айыппұлдары бар. Оны жасаған жоқпыз. Біз тек ескертеміз. Сіздің малыңыз жүр, соны қорық аумағынан соны алыңыздар. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі.

Мәселе шешіледі дегенмен, нақты уақытын айта алмады, қорық басшысы. Ал ен далаға еркін бойлай алмаған қаратереңдіктер төрт түлігін тар жайлауда өргізе тұрмақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмұхаммед Байділдаев